Басынан балтамен ұрған: Премьер-министр Петропавл мектебінде болған оқиғаға қатысты тапсырма берді
Үкімет отысында Петропавл мектебінде болған жағдайдың мән-жайын Ішкі істер бірінші вице-министрі Марат Қожаев баяндаған соң, Премьер-министр осы оқиғаға байланысты тапсырма берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев мектепте болған оқиғаны айтып берді.
"13 ақпанда сағат 07:52-де Петропавл қаласының полиция басқармасына №4 орта мектептің оқушылары жараланғаны туралы хабарлама түсті. Оқиға болған орынға жылдам жедел-тергеу тобы шығып кетті. Тексеру барысында сағат 07:40-та 9-сынып оқушысының рюкзагымен асханалық балта, пышақ және қолдан жасалған маска алып кіргені анықталды. Ол сағат 07:50-де 2-қабатта орналасқан әжетханада маскасын киіп, дәлізбен жүгіріп келіп, бірінші 10-шы сынып оқушысының басынан балтамен 2 рет ұрған. Одан кейін 10-шы сыныпта оқитын қыздың иығынан 1 рет және басынан 2 рет ұрған және 9-сынып оқушысының басынан 1 рет ұрған. Шабуыл жасаған оқушыны жоғары сынып оқушылары мен мұғалімдер ұстаған",- деді Қожаев.
Ол атағандай, 2 жәбірленуші қалалық емхананың стационарында жатыр, жағдайлары бірқалыпты, бір оқушы медициналық көмек көрсетілгеннен кейін үйіне қайтарылды.
"Осы дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-бөлігі, 99-бабы 2-бөлігі (адам өлтіруге оқталу) бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оқушының заңды өкілі анасы екені анықталды. Күдіктінің денсаулығында психикалық проблема болған. Алматы қаласының Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-тәжірибелік орталығы жалпы білім беру бағдарламасы бойынша оқуын жалғастыруға рұқсат берген", - деді ол.
Ол атағандай, қаладағы 4 мектепте екі ауысыммен сабақ беріледі.
"№4 орта мектепте 2 ауысыммен сабақ оқиды, 39 сынып, 984 оқушы бар, мұғалімдер штаты – 70, оның ішінде біреуі – психолог. Мектептегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша мектепте және оның аумағында 42 бейнебақылау камерасы және "СА BARS NEXT" жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қосылған (шақыру түскен уақытта жылдам қимылдауды қамтамасыз етеді) 5 дабыл кнопкасы бар. Оқиға болған күні мектептің 1-қабатында күзетші-вахтер болған. Тергеу барысы бақылауға алынды, оның нәтижесі бойынша қылмыс пен заңды бұзу жағдайларының алдын алу туралы ұсыным енгізіледі", - деді Қожаев.
Премьер-министрі Әлихан Смайылов бұл өте қауіпті жағдай екенін айтты.
"Халықтың арасында үлкен алаңдаушылық туғызды. Балаларының қауіпсіздігіне алаңдамайтын отбасы жоқ. Мектептің ішінде де қауіптің барын көріп отырмыз. Сондықтан бұл мәселені қайта қарап, оқу орындарына тексеру жүргізу қажет. Бейнекамералардың санын көбейтіп, мектепке кіреберіс жерлерде бақылауды күшейту мәселесін қарау керек. Ішкі істер министрлігі келісілген ұсыныстарды енгізсін. Денсаулық сақтау министрлігі зардап шеккен балаларды емдеуді ерекше бақылауға алсын. Оқу-ағарту министрлігі Ішкі істер және Төтенше жағдайлар министрліктерімен бірлесіп, қауіпсіздік сабақтарын әзірлеуі керек. Балалар әр түрлі жағдайда өздерін қалай ұстау керек екенін нақты білуі тиіс", - деді Смайылов.