Үкімет жаңа Конституцияға байланысты 60-тан астам заңға өзгерістер енгізеді

Үкімет отырысында заңдарды жаңа Конституцияға сәйкестендіру талқыланды. Енді 60-тан астам заңға өзгерістер енгізіледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мадиевтың айтуынша, бұл жаңа Конституция қағидаларын толық іске асыруға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ Конституцияны насихаттау бойынша арнайы жоспар әзірленеді. Оның аясында Негізгі заң жаппай басылып шығарылады. Ашық электронды платформаларға орналастырылады. Әрі білім беру саласына арналған әдістемелік ұсынымдар мен оқу құралдары дайындалады.
Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов референдумнан кейінгі алдағы қадамдар туралы айтты. Оның айтуынша, Үкімет Президент командасы ретінде қойылған мақсаттарға қол жеткізіп, жүргізіліп жатқан реформалардың сапасы мен қарқынын қамтамасыз етуі қажет.
"Біз Президенттің тапсырған мақсаттарына қол жеткізіп, жүргізіліп жатқан реформалардың сапасы мен қарқынын қамтамасыз етуіміз қажет. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Үкімет Парламентпен бірлесіп, жедел түрде бірқатар заңдар мен заңға тәуелді актілерді жаңа Конституцияға сәйкестендіруі тиіс.
Ең алдымен, 5 жаңа конституциялық заң қабылданып, қолданыстағы 8 конституциялық заңға және 60-тан астам заңға, соның ішінде кодекстерге өзгерістер енгізу жоспарланып отыр", – деді Премьер-министр.
Оның айтуынша, сондай-ақ Конституцияны насихаттау бойынша іс-шаралар жоспарын әзірлеп, бекіту қажет.
"Бұл Конституцияны жаппай басып шығаруды, оны баршаға қолжетімді электронды платформаларда жариялауды, сондай-ақ білім беру саласына арналған әдістемелік ұсынымдар мен оқу құралдарын әзірлеуді қамтиды. Сонымен қатар елдің жаңа Негізгі заңы туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет", – деді Олжас Бектенов.
-
Жаңа Конституция 1 шілдеден бастап күшіне енеді: Тоқаев Жарлыққа қол қойды
-
Тоқаев үкімет жанынан құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі комиссия құруды тапсырды
Сонымен қатар вице-премьер – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева елімізде мәдениет, ақпарат, БАҚ, архив ісі, дін, жастар және отбасы саясаты сияқты салаларды реттейтін 20-дан астам заңға өзгерістер енгізу жоспарланып отырғанын да мәлімдеді. Оның айтуынша, өзгерістер мемлекеттік рәміздерді пайдалану, мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы секілді бағыттарды да қамтиды.
Министрдің сөзінше, бұл түзетулер Конституцияның негізгі қағидаларын жүзеге асыруға бағытталған. Атап айтқанда, ұлттық мәдениетті қолдау және отбасы институтын нығайту көзделіп отыр.
Еске салсақ, бұған дейін Тоқаев жаңа Конституцияға сәйкес заңдарды өзгертуді тапсырған еді.
"Сап-сау баламды мүгедек қылып алдым": Қазақстандық әйелдің көзінше баласы азелит ішіп, өңешін күйдіріп алған