Уханьнан эвакуацияланған студенттер жатқан аурухана белгілі болды
Уханьнан эвакуацияланған студенттер жатқан аурухананың суреттері шықты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
Барлығы 83 қазақстандық «Нұр-Сұлтан» көпсалалы ауруханасына жатқызылған. Оның 80-і студент.
«Аурухана жаңа, мамандандырылған, қауіпсіздік жүйесі күшейтілген. Әр қабаттағы палатада жеке желдету жүйесі бар. Бұл «таза бөлмелер» деп аталатын өте жақсы жүйе. Ауаның бір-бірімен алмасуына мүмкіндік бермейді», – дейді Денсаулық сақтау министрлігі тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті төрағасының орынбасары Сәдуақасов Нұрқан.
Көпсалалы аурухананың инфекциялық бөлімшесі бір-бірінен оқшауланған.
Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтау, Семей, Қарағанды және Алматы облыстарының студенттері аурухананың оқшауланған палатасында болуға және дәлізге шықпауға қатысты талаптарға келіскен.
Науқастардың қол телефондары басқа да заттары тазалауға алынған. Олар тек аурухананың телефонымен сөйлесе алады.
«Нұр-Сұлтан» көпсалалы медициналық орталықтың инфекциялық бөлімі директорының орынбасары Сәуле Атығаеваның айтуынша, науқастардың жағдайы жақсы.
«Ешқандай шағым жоқ. Интоксикация және тыныс алу жеткіліксіздігі белгілері көрінбейді. Дене қызуы қалыпты жағдайда. Медициналық бақылау жалғасады», – дейді дәрігер.

"Күйеуімді қазақша Дарын деп атайды": Ағылшын азаматына тұрмысқа шыққан қазақ қызы оқиғасын бөлісті
