Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Тәліптер жылқы сойғанымызды білсе, шариғат заңымен жазалайды": Ауғанстанда тұратын қандас қазақтар елде немен айналысатынын айтты

Ауғанстанның Балх өңірінде тұратын қандасымыз Асадуллах Халықи өзін этникалық қазақпын деп есептейді. Қазақы шапанын киіп, көзіне еріксіз ыстық жас алған ол интернеттің нашарлығына да қарамай, өзі білетін бар тарихты айтып берген еді. Stan.kz тілшісі қандаспен сұхбаттасып, елдегі қазақтар жағдайы туралы сұрады.

Асадуллах Халықи, жеке архивтен

Асадуллах Халықи – 50 жастағы ер азамат, Ауғанстанның Балх қаласында тұрады. Онда тұратын қазақтар бұл жердегі "Оймауыт" деген ауылдан өсіп-өнгендерін айтады. Қазіргі кезде көпшілігі қалаға көшіп кеткен. Атасы мен әкесі сынықшы болыпты. Өзі де сынық салумен айналысады. Балалық шағы кеңес-ауған соғысының тұсында өткен. Ол кезде Асадуллах сегіз жастағы бала екен. 

"Соғыстан көптеген туыстымыз қашып Иран, Пәкістан елдеріне босып кетті. Ол кезде сансыз халық опат болды ғой. Ауғанстаннан ешбір өнім шықпай қалған. Азық-түлікті де сырттан тасыды", – деп әңгімесін бастады алыстағы бауырымыз.

Ауғанстандағы басқа қандастардай емес, Асадуллах және балалары қазақ тілінде сөйлейді.

"Әйелім тәжік ұлтынан. Ол тәжік тілінде сөйлейді. Бірақ шешесі – қазақ. Екеуміздің екі ұл және бір қызымыз бар. Балалар мектепте оқиды. Қазіргі үкімет қыздарды оқудан шығарды. Біз балаларды мектепке жіберуге де қорқамыз. Өйткені тәліптер өз қатарларына қосып алуы мүмкін. Бұрын ондай жағдайлар да болды. Қазір қуаныштысы сол – соғыс жоқ. 

Әкем марқұм Қазақстан туралы жақсы білетін. Өз руымыз туралы талай рет айтып та берді. Түркістанның Шаянды жағында "оймауыттар" тұратын ауыл бар дейтұғын. 1929 жылы Қазақстанда ашаршылық болған кез. Аталарымыз соның салдарынан үдере көшкен екен. Бабаларымыз Шаяннан Ауғанстанға келген сияқты. Әкем большевиктердің қазақ даласындағы шапқыншылығы жайлы да айтқандары бар", – дейді ол. 

Асадуллахтың аутуынша, көш тұсында Мазари-Шариф қаласы мен басқа да провинцияларға ағайындары шашырап кеткен. 

"Қазақстанда оймауыттардың бар-жоғын білмедім. Атажұртта туысқандарымыз жоқ. Мүмкін, жеті атамызбен іздесек, тауып қалатын шығармыз. Тек Қазақстаннан Ауғанстанға келіп кететін кісілермен таныспын. Жағдайымыз жақсарып, күн жылынып жаз шықса, Қазақстанға қыдырып барсақ деген ниетіміз бар. Атамекенге бармасақ болмайды. Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесін де әкем жиі айтып отыратын", – дейді сұхбат беруші.

Бір қызығы, кейіпкеріміз алаш пен қазақтың шыққан тарихы туралы жақсы біледі екен. 

"Ауғанстанда адам азда болса қыбырламаса, адамдар аш қалады. Елді тәліптер басып алған соң, Кабулдағы Қазақстан елшілгіне бардым. Елшіліктегілер комиссия құрып, бізбен жұмыс жүргізетіндерін айтқан. Одан бері хабар жоқ. Кабул қаласына барып келуімізге 5000 ауғани (25 мың теңге – авт.) кетіп қалады. Балхтан Кабулға қыста жеңіл көлікпен баруға 12 сағатымыз жолға кетеді. 

Балх мекенінде де тұратын қазақтар бар. Нақты сандарын білмедік. Жалпы ауған жұртында ноғай, қаңлы, қыпшақ, қоңырат, т.б. рулар мекендейді. Тіпті қыпшақтардың жеті-сегіз ауылы бар. Қазақтардың көбісі құжаттарына "өзбек" деп жазғызып қойған", – дейді ана тілін ұмытпаған қандасымыз. 

Сөзінше, ана тілдерін ұмытқан ағайындар көп дейді. Оны себебі тәжік, өзбек басқа да ауған халықтармен қыз алысып, қыз бергеннен екен. 

"Қалада тұратын қазақтар ана тілдерін ұмыта бастаған. Ауылда тұратындар әлі де біз сияқты тілдерін жоғалтпаған болуы мүмкін. 

Біз жылқыны қадір тұтатынымыз есімде қалған. Тәліптер келгеннен кейін, жылқыны соғым ретінде соймаймыз. Тәліптер біліп қойса, бізді шариғат заңымен жазалайды. Қазақтар малсыз өмір сүрген емес. Жылқы болмаса, қазақ тіршілік етпеген халық қой. Қазіргі күйімізде жылқыдан қымыз да дайындай алмаймыз. Көп нәрсені ұмытып бара жатырмыз", – дейді ол.

Асадуллахтың өзінде құжаттар бар. Ал балаларында ресми ешбір құжат жоқ дейді.

"Ауғанстандағы қазақтар диқаншылықпен айналысады. Мал шаруашылығымен де айналасатындары бар. Қазақтарымыз әртүрлі қара жұмыстар жасайды. Араларында кейбір оқығандары өз мамандықтары бойынша да нәпақаларын табады. 

Бізде азық-түлік қымбат. Аяқ-киімдерді алуға да шамамыз келе бермейді. Ет сатып алғанға да мүмкіндік жоқ. Өйткені еттің бағасы тым қымбат", – дейді ол.

Таңғаларлығы аталарынан қалған қазақы киіз үйді қаз қалпында сақтап, ұлттық шапандарын киіп төл дәстүрлерін ұмыта қоймаған екен.    

"Ата жұртыма тек қана жақсылықтарды тілеймін. Бәрі де амандық та жүрсін! Әрбір қазағызмыздың бала-шағасы аман болсын. Қазақтар дүниеде шашырамай, атамекенімізде тұрсақ екен. Әкем елге баруды қатты армандап өтті. Қазақстанның дамығанын естісек, әрқашан қуанамыз ғой", – дейді алыстағы қандасымыз. 

 

Қадірәлі САРЫПБЕК
    

Талқылау