УЕФА Израильді футболдан шеттетуді көздеп отыр – БАҚ
Фото: Attila Kisbenedek/AFP/magyarnemzet.hu
Келесі аптада УЕФА Израильдің матчтарға қатысуын тоқтату туралы шешім қабылдайды. УЕФА Атқару комитеті мүшелерінің көпшілігі бұл шешімді қолдауға дайын отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі The Times басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
16 қыркүйекте БҰҰ-ның тәуелсіз комиссиясы Газа секторындағы палестиналықтарға Израильдің геноцид жасап жатқанын мәлімдеді.
The Times дереккөздерінің мәліметінше, "АҚШ пен Катар тарапынан УЕФА-ға көрсетіліп жатқан дипломатиялық қысымға қарамастан, атқарушы комитеттің көпшілігі Израильді шеттетуге” дайын отыр.
Басылымның жазуынша, 2022 жылы УЕФА мен ФИФА Украинадағы соғыс басталған соң Ресейді барлық жарыстардан шеттеткен еді. Қазіргі жағдайда ұйымның кулуарында осы шешімнің дұрыстығы белсенді талқыланып жатыр.
Егер атқарушы комитет Израильді шеттету туралы шешім қабылдаса, елдің клубтары еурокубоктан тыс қалады. Сондай-ақ ұлттық құрама да 2026 жылғы әлем чемпионатына іріктеу жарыстарын мерзімінен бұрын аяқтайды.
Ал УЕФА өкілдері бұл мәселе бойынша ақпараттың сыртқа шығуына жол бермей отыр. Ұйымда атқарушы комитеттің ешқандай жоспардан тыс отырысы жарияланған жоқ және Израильдің мүшелігіне қатысты талқылаулардың жүргізіліп жатқаны ресми түрде айтылмады.
Израильдің Қатарға шабуылы: Қазақстандық елдегі жағдай туралы баяндады
Израиль әскері Қатар астанасы Дохаға соққы жасады: ХАМАС көшбасшысы әл-Хайя қаза тапты
Белгілісі тек УЕФА президенті Александер Чефериннің жеке ұстанымы. Ол спортшыларды саяси себеппен шеттетуге қарсы екенін жеткізді. Себебі спортшылар өз елінің үкіметінің әрекетіне ықпал ете алмайды дейді.
“Ресейді шеттету шешімі қатты саяси қысымның әсерімен қабылданған. Ал Газаға қатысты жағдайда УЕФА-ға қысым саясаткерлер тарапынан емес, азаматтық қоғам тарапынан жасалып жатыр”, – деді Чеферин.
Израиль тарапы не дейді?
Ресми ақпараттың жоқтығынан Israel Hayom газеті өзін бұл тақырыптағы басты инсайдер ретінде көрсетіп жүр. 20 қыркүйекте басылым "Катар Израильді УЕФА-дан шығаруға ұмтылып жатыр" деген тақырыппен мақала жариялады. Онда 23 қыркүйекте атқарушы комитет отырысы өтетіні, күн тәртібінде Израильді шеттету мәселесі талқыланатыны жазылған. Комитет мүшелері 100% қолдаса, елдің ойыннан шеттетілетіні айтылған.
Алайда 23 қыркүйек күні кешке Израильдің шеттетілмегені белгілі болған соң Israel Hayom жаңа мақала жариялады. Онда "АҚШ ресми өкілдері мен халықаралық дипломаттардың, израильдіктердің күш-жігерінің арқасында Израильді УЕФА-дан шығару мәселесі әзірге талқыланбайтын болды" деп хабарлады. Дегенмен мақалада алдағы уақытта шеттету қаупі тууы мүмкін екені айтылған.
Шеттетуді кімдер қолдайды?
Азаматтық қоғам деңгейінде Израильді халықаралық спорттан аластау жөніндегі үндеулер бұрыннан айтылып келеді. Бұл бастамалар түрлі белсенділерден, жанкүйерлерден және қоғамдық қозғалыстардан туындап отыр. Мәселен, стадиондарда "Израильге қызыл карточка көрсет" деген баннерлер ілінген. Жуырда "Манчестер Юнайтедтің" аңызға айналған ойыншысы Эрик Кантона да израильдік футболшыларға бойкот жасауды ұсынды.
Сондай-ақ израильдік спорттық командалар ұлттық белгісіне байланысты демеушілерінен айырылып жататын жағдайлар кездеседі. Мәселен, велосипед өндіруші Factor компаниясы кәсіби велокоманда Israel-Premier Tech атауы мен туын өзгертпесе, демеушіліктен бас тартатынын айтты.
Айта кетейік, бұған дейін Израиль әскері Газаның дәл орталығына жеткенін, ХАМАС қиян-кескі көше шайқастарына дайындалып, қайта топтасып жатқаны туралы жазған едік.

Алматыда қала күнін тойлауға 380 миллионнан астам қаражат жұмсалған: Тұрғындар қаладағы шешілмеген мәселелерге шағымданды
