Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Полицей күйеуі омыртқасын сындырып, мүгедек қылған: Өмірінен күдер үзбеген қазақстандық ару адамдарды шабыттандырып жүр

Фото Аруна Аманованың жеке архивіненФото Аруна Аманованың жеке архивінен

Қызылордалық Аруна Аманова тұрмыста зорлық көріп, арбаға таңылған. Дегенмен оны ұрып, далаға тастап кеткен экс-күйеуі 2 жылға ғана сотталған және төлеу керек 9 миллион теңгені өтемеген. Тіпті ұлына алиментті де түгел төлемейді екен. Бірақ бұған күрсініп қалған Аруна жоқ. Ол мүгедектігіне қарамастан, өмірге, жақсыға ұмтылып, ұлын өсіріп, блог жүргізіп, табыс тауып жүр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

"Мұның бәрі маған не үшін беріліп жатыр?"

2022 жылы Аруна Аманованың өмірі астаң-кестең болды. Оның бұрынғы күйеуі полиция майоры болғанын атап өтеді де, үйіне келіп әйелін ұрып тастайды. Аруна таңертең оянғанда өзінің көшеде жатқанын білген. Осы оқиғадан соң ол жүре алмады. Омыртқасы зақымданған, жұлыны езілген. Қазір оның I топтағы мүгедектігі бар. Аруна әділдік іздеп, екі жыл соттасқан. Нәтижесінде бұрынғы күйеуі екі жылға сотталды. Ол әйеліне осы оқиғаға дейін де қол жұмсаған.

"Қорыққан, өзімді шарасыз сезінген кездерім болды. "Мұның бәрі маған не үшін беріліп жатыр?" деп сұраумен өткізген күндерім де болды. Басында жылап, қатты қиналып жаттым. Сосын олай жылап жата берсем, әрі қарай ауыра беретінімді, кері кете беретінімді білдім де, өзіме келдім. Әрі қарай өмір сүруім керек, тырмысуым керек, көңілім үшін қозғала беруім керек деп түсіндім. Бір жағынан өмірімде жақсы адамдар, жақындарым маған көп көмектесті, қолдау білдірді", – дейді ол сол сұрапыл сәттер туралы.

Бүгінде ол экс-күйеуінен өтемақы алу үшін тағы да арызданып жатыр. Қазір ұлына 16 000 теңге алимент төлейді екен, бірақ оның өзі бірде келеді, бірде түспейді дейді. Дегенмен қазір Арунаның өкініп отыратын уақыты жоқ, себебі ол оңалуы үшін бар күшін салып жүр. Өзінің сөзінше, реабилитациясына біраз ақша жұмсайды, кейде күніне 60 мың теңге, айына 1-2 миллиондап кетеді. Ал мемлекеттен 100 мың теңгеден сәл асатын сомада жәрдемақы алады.

"Реабилитацияларға жан-жақтан, жұрттан ақша жинап баратын едім. Қазір олай қайта-қайта халықтан ақша жинай беруге ұяламын. Қазір өзімнің күшіммен әрі отбасым, туыстарым, сосын ауылдағы бір аға, Қызылордада бір әпке көмектесіп тұрады. Былайша айтқанда маған бейтаныс адамдар ғой. Айына 1,2 миллион теңге төлейтін реабилитацияға да бардым. Одан бөлек күніне 60 мың теңге төлейтін жерлерде де жаттым. Қазір мен кейде портал арқылы, кейде айлық ақысын төлеп жататын жерлерде ем алып жүрмін. Бірақ портал арқылы бір жылда аз беріледі", – дейді ол.

Қазір ол бүкіл назарын іштей де, физикалық тұрғыдан да қалыпқа келуге салып келеді. Сондықтан ата-анасы мен бауырлары және ұлы оның алға жылжуына жәрдемдесіп келеді. Ол бүгінде блог жүргізіп, басынан өткен оқиғасын басқаларға бөлісіп жүр. 25 жастағы қыз әйелдерге соншалықты қиын жағдайлардан кейін де қайта тұрып, өмір сүріп, армандап, жоспар құруға болатынын көрсеткісі келеді.

"Мен арбадағы адамның мүмкіндігі бар екенін көрсеткім келеді. Біз де тура басқалар сияқты адамбыз, тура басқалар сияқты жақсы көреміз, жоспар құрамыз, күлеміз, армандаймыз және кофеге тапсырыс береміз. Жай кейде пандусы жоқ ғимаратқа қалай кірсем екен деп ұзақтау ойланып қалатынымыз бар", – дейді ол.

"Қалада жүру ыңғайсыз"

Бүгінде Аруна Аманова өзіне ұнайтын әрі шығармашыл ісін де тапқан. Қазір ол фуд флористикамен айналысады, яғни шоколадқа малынған құлпынай, кептірілген жемістен букет жасап, сатады. Сонымен қатар жақында маникюр жасауды оқыған. Мұндай курсты оған оқырманы сыйлапты. Ал маникюр жасауға арналған заттардың бәрін бір сатушы тегін беріпті.

Аруна ең басты сынақ арба емес, сол арбамен жүріп өту керек жолдар екенін түсіндім дейді.

"Кейде адамдардың өзі сынақ. Себебі кейбірі сені аяйды немесе саған таңырқап қарап қалады. Дәл қазір бейімделуге тырысып жатырмын, көмек қажет болса сұрауды үйреніп келе жатырмын және ең бастысы өзім болуға дағдыланып келемін. Жақында бір кафе кіреберісіне пандус жасап қойды. Бұл басқаларға жай ғана кішкентай ерекшелік, ал мен үшін ол өзгеріс болатынының белгісі. Мұндай оқиғалар үміт сыйлайды", – дейді ару.

Дегенмен Аруна өзі тұратын Шиелі ауданында мүгедектігі бар адамдардың жүріп-тұруына арналған дамыған инфраструктура жоқ екенін айта кетті. Сондықтан ол ем алу үшін басқа қалаларға баратын көрінеді. Ал өзі көрген ең ыңғайлы қала Талдықорған дейді.

"Алматы мен Астанада арасында ыңғайсыздықтары болғанымен, былай жақсы, қалыпты, жүруге болады. Бірақ Қазақстанда маған жүру ең ыңғайлы болған жер – Талдықорған. Бұл қаладан арбамен жүретін кісілерді де көп кездестірдім", – дейді қызылордалық қыз.

"Ұлым ештеңе сұрамады”

Арунамен ұлы туралы да әңгімелестік. Қазір ол 5 жаста. Арунаның айтуынша, анасының аяғына не болды, әкесі қайда, бұл жағын сұрамапты.

"Ұлымның көзі қылиланып кете беретін, ол үш айлығында басталды. Біз бұрынғы күйеуіммен қатты ұрсысқанда қарасам, көзі қылиланып жататын. Сол кезде тексерткенімде "бірнәрсе істеуге әлі тым кішкентай" деді. Кейін ұрыс, айқай басылғанда көзінің қылилануы да қайтты, бірақ арасында әлі де болады. Жақында тексерткенімде түзеуге болады деді. Маған не болғанын, әкесі қайда екенін, ештеңені сұрамайды", – дейді жас ана.

"Бәлкім палалимпиадаға қатысамын"

Қазір Аруна ұлымен бірге ата-анасымен тұрады. Ол өз баспанасын алып, ұлымен бақытты өмір сүруді армандайды. Сонымен қатар ол өзін спортта сынап көргісі келетінін де жасырмады. Басына қиын іс түссе де, мойымай келе жатқан қыздың армандары көп, жоспары айқын.

"Психологтармен де жұмыс істеп көрдім, достарым да бар. Өзім де барынша ішімде сақтамаймын, уақытында шығарып, жылап, жеңілдеп аламын. Ал ең бастысы маған шабыт беретін – ұлым. Осы баланың болашағы үшін өзімді қолға алуым керек, қозғалуым керек деп жан-жақты ізденіп жүрмін. Қазір тенниске барамын. Кім біледі, бәлкім паладимпиададан бір-ақ шығатын шығармын", – дейді блогер Аруна Аманова.
Еңлік Сақтан
Бейсенбі, 25 Қыркүйек, 2025 18:07
Талқылау