"Пышақпен бізге қарай жүгіргендер бар": Учаскелік полиция инспекторы Нұр-Сұлтанда қылмыспен күрес қалай жүргізілетінін айтты
40 жастағы Ерлан Жаңабаев Нұр-Сұлтан қаласында учаскелік полиция инспекторы болып қызмет етеді. Полиция қызметінде жүргеніне 21 жыл болған. Ол күнделікті жұмысында отбасылық жанжалдарды шешу, көше бұзақыларын жазалаумен ғана емес, адам өмірін құтқарумен айналысады. Қылмыстың алдын алу мен бұзақыларды құрықтау да инспекторлары міндеті. Stan.kz ақпарат агенттігі маманнан полиция қызметкерлері елордада қылмыс пен құқық бұзушылыққа қарсы қалай әрекет ететінін сұрады.
Ерлан Жаңабаев, жеке архивтен
Бүгінде учаскелік полиция инспекторлары ішкі істер органдары жүйесіндегі көп функционалды институт. Олар жергілікті халықтың проблемаларын шешуге, қылмыстың жолын кесуге бағытталған полиция қызметін ұсынатын негізгі тұлғалары.
Ерлан Жаңабаев бұл салада 2003 жылдан бері қызмет етеді. Қазіргі таңда Сарыарқа ауданында учаскелік инспектор.
Міндетіміз ең алдымен қауіпсіздікті қамтамасыз ету дейді ол. Оның ішінде үйге түскен ұрыны жауапқа тарту, суицидтің алдын алу да кіреді.
“Азаматтардың құқықтарын қорғау, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық, құқықтық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, көші-қон, қоршаған ортаны қорғау, аумақтарды абаттандыру және басқа да мәселелерге қатысамыз. Бұл жерде тікелей адамдармен қарым-қатынас жасап жұмыс істейміз. Бұған дейін істі болғандарды да тексереміз. Маскүнемдердің, нашақорлардың мінез-құлқы мен жүріс-тұрысын бақылайды”, – дейді ол.
Учаскелік инспектордың жұмысы оңай емес, дегенмен оған да үйреніп қалдық дейді Ерлан қызметі жайлы.
“Әртүрлі жағдайлар болады. Осыдан 3-4 жыл бұрын бір жерге барғанда ер адам әйелін ұрып тастаған, алып кететін уақытта күйеуі пышақпен бізге қарай жүгірген жағдайлар болған. Күйеуін апарып, учаскеге жауып тастадық. Адамдарды терезеден кіріп құтқарған жағдайлар да болды”, – дейді Жаңабаев.
Ерлан Жаңабаев, жеке архивтен
Бірақ өзін халыққа абыройлы еткен жағдай 2020 жылдың қысында болған.
Кезекшілік атқарып жүргенде жатақханадан шыққан қою түтінді көрген. Ол тез арада көмек беруге жүгіріп кеткен. Өрт сөндірушілерді күтпей, өртке оранған пәтер іштегі адамдарды сыртқа шығара бастады. Олардың арасында қарт адамдар мен 2 бала болыпты. Осылайша түтінге оранған жерден 7 адамды аман алып шықты.
Учаскелік полиция қызметкері бұл туралы ешкімге айтпаған. Бұл жағдай өрт болып жатқан жерден куәгерлер түсірген видео әлеуметтік желіде тарағаннан кейін ғана белгілі болды.
Полиция қызметкерінің өзі ерлік жасадым деп санамайды.
Сөзінше, өрттен адамдарды бір емес екі рет құтқарып, сол жылы Ерлан бір емес, бірнеше жанның өмірін сақтап қалған.
Ерлан Жаңабаев, жеке архивтен
“Бірінші оқиға әкімшілік аумақты тексеру барысында жатақханада болса, екінші жағдай өзімнің кезекшілік уақытыма тура келді. Тұрғындардың өрт шығып жатыр дегенін естіп, өрт болып жатқан үйдің есігін өрт сөндірушілермен бірге бұзып, ішіндегі адамды алып шықтық. Адам ес-түссіз, ішкен көрінеді. Есікті аша алмай қалған. Аман-есен құтқарып, жедел-жәрдем көлігіне салып жібердік”, – дейді ол.
Сол жылы Ерлан балконда жалғыз қалып қалған баланы құтқарып қалыпты.
“Кешкі сағат 9-да орта жастағы әйел жүгіріп келіп, үйінің есігі жабылып қалғанын айтып көмек сұрады. Екі кішкене баласы үйінде қамалып қалған екен. Балаларының бірі балконға шығып алыпты. Осы ретте тұрғын үйдің 4-қабатына шығып, төсенішті пайдаланып 3-қабатқа түсіп, баланы құтқарып алдым”, – деп есіне алады полиция қызметкері.
Бұл ерлігі үшін Ерлан президенттің қолынан “Ерлігі үшін” деген медальмен марапатталған. Сондай-ақ қызметкерге сағат сыйлапты.
“Жалпы мұндай жағдайларда кез келген полиция қызметкерлері қарапайым тұрғындарға көмектеседі. Тек мен ғана емес. Себебі бұл – біздің міндет”, – дейді ол.
Полиция қызметкері өміріне қауіп төнгенде кейде қорқыныш ұялайтынын жасырмайды.
“Бірақ міндетіміз, жұмысымыз болған соң қорқынышты жеңе білуіміз керек”, – дейді ол.
Полиция қызметкері қылмысқа қарсы күресте қандай қасиеттер көмек беретінін сұрадық.
“Спортпен айналысу қажет, ең бастысы білімді, ақылды болуы керек. Барлығын ойланып істеу қажет. Жедел әрекет етуді талап ететін жағдайларда ойланып тұруға уақыт та болмайды. Басты мақсат адамды құтқарып алу болып тұрады. Сондай жағдайларда да қауіпсіздік ережелерін сақтап әрекет етеміз. Өрт сөндіру қызметін де күтіп тұруға болмайды. Себебі өрт сөндіру қызметі келгенше ішіндегі адам өрттің астында қалып кетуі мүмкін. Бұған әсте жол бермеу керек”, – деп түйіндеді Ерлан Жаңабаев.

“Партизан болған, 400-ден астам жаралы сарбазды құтқарған”: Екінші дүниежүзілік соғыста ерлік көрсеткен қазақ қыздары кімдер
