Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Әр шақыртуға қырағы дайындықпен барамыз": Полиция инспекторы құқық бұзушылыққа қарсы қандай әдіс-тәсілдер қолданатынын айтып берді

2022 жылы Қазақстанда құқық бұзушылықтар саны 1,1%-ға өскен. Жалпы, жыл басынан бері елімізде 87 мыңнан аса құқық бұзушылық тіркеліпті. Заңға қайшы әрекеттердің ең көбі Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласында болады екен. Құқық бұзушылықпен күресте қандай әдіс-тәсілдер қолданылады? Олардың қайсысы полиция қызметкерлеріне пайдасын беріп жатыр? Нұр-Сұлтан қаласы Патрульдік полиция полкі инспекторы, полиция аға лейтенанты Фархад Түкеновтен сұрадық. 

Фархад Түкенов, жұмыс барысында

Нұр-Сұлтан қаласы Патрульдік полиция полкінің инспекторы Тукенов Фархад 10 жылдық тәжірибесіне сүйеніп, құқық бұзушылықтың алдын алу кезінде қандай шаралар қолданатынын айтты. Сөзінше, негізгі міндеттері жол қозғалысы кезіндегі тәртіпті сақтау мен құқық бұзушылықты болдырмау, болған жағдайда тез арада күдіктілерді ұстау. 

Қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі шаралар

“Көшеде болатын төбелес пен жанжалдарды шешу біздің құзіретімізде. Ел арасында қару қолданатындар да кездеседі. Одан бөлек, суицид жасамақ болатындар көп. Осындай жағдайды алдын алу да біздің тікелей міндет.

Барлығының көңілін аулап, сөйлесуге тура келеді. Сонымен қатар қалада ішіп алып, көліктермен жарыс ұйымдастыратындарды да тоқтаттық. Олар қарапайым тұрғындарға қауіп төндіретіндер”, – дейді Фархад Түкенов.

Алкогольдік ішімдік ішкендер азаматтарды тонап, ұрып кетпеу мақсатында алдын алу шаралары жүргізіледі екен.

“Түнгі уақытта мас адамдар көп жүреді. Нұр-Сұлтан қаласы бойынша мас күйдегі адамды үш сағат ұстайтын уақытқа ұстау изолярына жатқызылады. Сол жерге апарып тапсырамыз. Ал егер адам есін біліп тұрса, жеңіл күйде мас болса, тұрғылықты мекенжайына жеткізіп тастаймыз не жақындарына хабарласамыз. Арам пиғылды адамдар мас күйде жүргендердің телефон, бағалы заттарын алаяқтықпен алып, қашып кететін жағдай да болады. 

Мәселен, он күн бұрын Нұр-Сұлтан қаласында тұрғын ер адамнан темекі сұрап телефонын тартып алып, ұрып кеткен. Ол ұсталып, тергеу изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта қылмыстық іс жүргізіліп жатыр”, – дейді ол.

Құқық-бұзушылыққа қарсы күресте қолданатын әдіс-тәсілдер

”102 пультіне көптеген шақыртулар түседі. Мәселен, жақында мас жүргізуші қалада жарыс ұйымдастарғаны туралы хабарлама түскен еді. Ол бағдаршамның қызыл түсіне өтіп кеткен екен. Ослайша ол әрекетімен адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндірді. Бұл автокөлікті ақау келтіріп тоқтатуға тура келді. Көлік жүргізуші қызметкердің талабына бағынбаса, адам өмірі мен денсаулығына зиян келтірсе, мәжбүрлі түрде дөңгелегін жарып тоқтатамыз. 

Әр шақыртуға қырағылықпен дайындаламыз, құрал-сайманымызды жинап шығамыз. Қазір технология дамыған заман. Жастар көп нәрсе көріп алады, олардың ойында не бар екенін де болжау қиын”, – дейді полиция қызметкері.

Фархад Түкенов, марапатталу сәтінен

“Сергек” пен SOS дабыл батырмасы –  құқық бұзушылықты анықтаудың тиімді әдісі

Маманның сөзінше, қазіргі уақытта қылмысты анықтауға енгізілген жаңа технология құралдары әсерін тигізіп жатыр. 

“SOS батырмасы адам көп жүретін және криминалды аудандарға қойылған. Кейбір адамдар түнгі уақытта 102-ге, жақындарына хабарламаса алмай жатады. Белгісіздер ұрып-соғып кететін де жағдай болады. Осындайда батырмалардың пайдасы бар, ал қаладағы камералар арқылы күдіктіні тауып, қылмысты ашуға болады.

Одан бөлек, қылмысты ашудың тағы бір әдісі ретінде жәбірленушімен жұмыс жүргізуді атауға болады. Олардың айтқан сөзі негізінде бағыт-бағдар жасалады. Осы арқылы күдікті, қылмыскерлерді іздеп тауып аламыз”, – дейді маман.

Сондай-ақ, сөзінше, күнделікті кішігірім 15-20 минуттық жиналыс, жиындарда  полиция қызметкерлеріне қиын жағдайға түскен азаматтармен қалай сөйлесу керек, психологиялық тұрғыда қандай іс-әрекеттер жасау керектігі түсіндіріледі. 

Фархад Түкенов, жеке архивтен

Адам құтқару оқиғалары

“Бірде Жедел басқару орталығынан шамамен сағат кешкі 7-8 аралығында хабарлама келді. Әйел адам 7-қабаттан секіріп, өзіне қол салмақшы болыпты. Әріптесім Ақкөзов Берік екеуміз оқиға орнына 3-4 минут ішінде келдік. Терезеден әйел кісіні байқап, әріптесім жоғарыға жүгіріп кетті. Мен астыңғы бөлігінде қалдым. Сыртта тұрып, әйелдің көңілін аулап, әңгімеге тарттым. Ол кісі қолындағы ұялы телефонын, құлаққабын лақтырып секіруге әрекеттенді.

Әріптесім әйелдің көршісі Александр есімді жігітті тауып алып, онымен бірге есікті жұлып кіріп, оны құтқарды. Жедел-жәрдем, Есіл аудандық полиция басқармасының жедел басқару тобын шақырып психологиялық жұмыстар жүргізілді”, – деп есін алады Фархад.

Бұл біздің қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету барысындағы күнделікті жұмысымыз дейді ол.

Кейіннен Фархад әріптесі Ақкөзов Берікпен Ішкі істер министрлігінің құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша медальмен марапатталған.

Азаматтардың шағымы

Фархадтың сөзінше, полиция көмекке келген азаматтардың көбі өмірден баз кешіп, күйзеліске түскендер.

“Бір сөзбен айтқанда проблеманың көбі қаржыға келіп тіреледі. "Ақшамыз болмай кетті. Әке-шешеммен сөзге келіп қалдым. Өз-өзіме қол жұмсағым келеді. Біреуді өлтіріп қоямын, одан да тыныш өзімнің өлгенім дұрыс еді" деген сияқты сөздерді жиі естиміз”, – дейді ол.

“Мас адаммен “өз тілінде" сөйлесеміз”

Полиция қызметкерінің сөзінше, өзіне не қоршаған ортасына зиянын тигізіп қалмас үшін азаматтармен “өз тілінде”, соларға сай икемделіп әңгіме құру керек. Бұл полиция қызметкерлері ұстанатын негізгі қағида секілді.

“Барлығының көңілін аулап, сөйлесуге тура келеді.  Адамдармен сөйлесу арқылы олардың ішкі жан-дүниесін түсінуге тырысамыз. Әркімнің ой-өрісі әртүрлі ғой. Жұмыс  әр азаматпен әр түрлі деңгейде сөйлесуді қажет еді”, – дейді маман.

Талқылау