Уақыт белдеуінің ауысуына қатысты сауалнама үш күнде тоқтатылды: Әрі қарай не болмақ
Ғылым және жоғарғы білім министрі Саясат Нұрбек уақыт белдеуінің азаматтардың денсаулығына әсерін зерттеуге қатысты түсініктеме берді. Оның сөзінше, зерттеу келесі жылы басталады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: pixabay.com
Саясат Нұрбектің айтуынша, уақыт белдеуінің азаматтардың денсаулығына әсерін зерттеудің бір бөлігі қоғам пікірін білу болған. Сондықтан eGov қосымшасына сауалнама жариланыпты.
"Қоғам пікірін білуге қатысты шағын зерттеу жүргізілді. Үш күннің ішінде қажетті 200 мың жауап жиналды, сондықтан сауалнама тоқтатылды. Келесі аптада байқау шаралары басталады. Ол кезде нақты техникалық тапсырма, зерттеуге қажетті қаражат көлемі анықталады. Қаңтарда зерттеуді бастап кетуді жоспарлап отырмыз", – деді ол.
Министрдің айтуынша, сауалнама қорытындысы зерттеу тобына беріледі. Ал жүргізілгелі жатқан зерттеудің негізгі мақсаты – уақыт белдеуінің ауысуы денсаулыққа қалай әсер еткенін білу.
"Азаматтар тарапынан түскен сын-пікірді алып қарасақ, оның негізгі бөлігі ыңғайсыздық, ұйқының қанбауы секілді факторларға қатысты. Зерттеуге бірнеше институт қатысады. Олардың қатарында денсаулық сақтау министрлігі де бар. Зерттеудің негізгі тапсырыс берушісі де денсаулық сақтау министрлігі болмақ, ал ғылым министрлігі қаржы жағын ұйымдастырады", – деп түсіндірді ол.
Саясат Нұрбек байқау шаралары 2 аптаға созылуы мүмкін екенін айтады. Ал зерттеу жұмыстары 2025 жылы аяқталады деп жоспарланған.