"Үш жыл емес, үш ай": Депутаттар үкіметке бірыңғай уақыт белдеуіне қатысты зерттеуді 2025 жылдың наурызына дейін аяқтауды тапсырды
Парламент депутаттары үкіметке бірыңғай уақыт белдеуі мәселесіне қатысты ғылыми-зерттеу жұмысын 2025 жылдың наурыз айына дейін аяқтауды тапсырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: amanatpartiasy.kz
Бұл туралы мәжіліс спикері Ерлан Қошанов үкімет мүшелерінің қатысуымен өткен “AMANAT” партиясының жиынында айтты.
Мәжіліс депутаттары үкімет мүшелеріне бірыңғай уақыт белдеуін енгізуге қатысты азаматтарды толғандырған өзекті сауалдарды жеткізді. Атап айтқанда, депутат Жанарбек Әшімжанов Алматы облысы мен Жетісу облысының және өзге де өңірлердің тұрғындарынан келіп түскен өтініштерге назар аударды. Ал депутат Юлия Кучинская мұндай мәселе үкімет қаулысы деңгейінде шешілмей, заң деңгейінде реттелуі керек екенін айтты.
-
"Халықтың денсаулығы нашарлап, қылмыс көбейді": Қоғам белсенділері қазақстандықтарды уақыт белдеуін өзгерту үшін конституциялық сотқа жүгінуге шақырды
Жиын қорытындысы бойынша үкімет бірыңғай уақыт белдеуіне көшудің әсері туралы көпфакторлы ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізу жөнінде шешім қабылдады.
"Уақыттың өзгеруі, ең алдымен, азаматтарымыздың денсаулығы мен әл-ауқатына, тұрмысына қалай әсер ететініне қатысты нақты жауап алуымыз керек. Осы мәселеге бас мән беру қажет. Сонымен қатар, үкімет айтып отырған үш жыл – тым ұзақ мерзім деп есептеймін. Зерттеу жұмысын үш айда аяқтағандарыңыз жөн. Алдағы жылдың наурыз айында зерттеу қорытындыларымен және нақты шешу жолдары бар ұсыныстармен келесіздер деген үміттеміз", – деді Ерлан Қошанов.
Еске салсақ, бұған дейін уақыт белдеуінің ауысуына байланысты еліміздің шығысында жұмыс уақытын өзгерту мәселесі қаралып жатқаны туралы жазған едік.