"Уағызды кім көрінген айтып жүр": Депутат Қазақстанда салафизм мен уахабизм кең тарап жатқанын айтты

“Ақ жол” партиясының депутаты Қазыбек Иса Қазақстанда радикалды діни ағымдарға заңмен тыйым салуды ұсынды. Ол бұл мәселені ұлттық қауіпсіздікке төнген қауіп деп бағалап отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Депутат бұл бастама бұған дейін де көтерілгенін, бірақ нәтиже болмағанын айтты. Қайта теріс ағымдар одан бетер күшейіп бара жатыр дейді депутат. Сонымен қатар Қазыбек Иса қоғамда дау тудырған бірнеше жағдайды мысалға келтірді.
“Өткенде елді шулатқан екі келеңсіз жайтты жақсы білесіздер. Оның біреуі қазақтың мейрамы Әз Наурызға қарсы қара ниетті біреудің шабуылы! Екіншісі, өзіне ұнамаған әйелін ат ауыстырғандай көңілі қалаған адамға сыйлай салған атышулы имам. Кеше ғана Ақтөбеде сотталушылардың әйелдері сотқа ниқабпен келді. Оларды сол беттерін бүркеген күйі сот ғимаратына кіргізді. Ниқабпен отырып, сотталушының заңды өкілі болуға рұқсат етілді. Қоғамдық орында бетті бүркемелеген киім киюге тыйым салған заң қайда? Заң сақталуға тиіс сот ғимаратында қара жамылғандар қаптап жүрсе, басқа жерде басқа шықпағанда қайтеді?”, – деді депутат.
"Дәстүрлер дінге қайшы келмейді": ҚМДБ Наурыз мерекесін тойлауға қатысты мәлімдеме жасады
ОқыңызДепутаттың айтуынша, елдің берік ұстанымы болмағандықтан, ішкі тұтастық іріп, ұлттық ұстаным шіріп жатыр.
“Ұлттық ұғымға қарсы желіде желпініп отырғандардың тамырымызды жегіқұрттай жеп жатқанына құр көрермен болып отыра алмаймыз. Бәріміз де ертең қасіретін тартуымыз мүмкін. Сондықтан Ата заңымызға айқын жазылған мемлекеттің зайырлы болуын нақты іспен көрсетуіміз керек”, – деді депутат.
Сонымен қатар депутат наурызды жоққа шығару мәселесін "ұлт пен мемлекетке ашық шабуыл" деп атады.
“Мемлекеттің негізін шайқалтуы мүмкін бұл қауіп-қатерге қарсы шұғыл түрде қатаң заңнамалық шара қабылдап, тосқауыл қою керек. Бір отбасының мүшелері әртүрлі, бір-біріне қарама-қайшы радикалды діни көзқарасты ұстанып, қайғылы жағдайларға ұшырап жатқанын көріп отырмыз. Осы дәлелдер бола тұра, тағы нені күтіп отырмыз? Олардың ықпалының салдарынан өз ұлтынан, дәстүрлі дінінен бас тартатын адамдар пайда болып жатыр. Олар рухани мұраны қадірлеген ата-бабасын надан деп, өз ата-анасын кәпір санайды. Алайда сол арқылы өз тамырын өздері қиып жатқанын түсінбейді”, – деді депутат.
Қазыбек Иса Қазақстанда радикалды діни көзқарастардың, салафизм, уахабизм және түрлі секталар кеңінен тарап жатқанын айтты.
Депутаттың пікірінше, радикалды діни ағымдарға заң тұрғысынан тыйым салу керек.
Айта кетейік, бұған дейін Баян Алагөзованың діни насихатқа қатысты ұсынысына Мәдениет министрлігі пікір білдіргені туралы жазған едік.