"У сататын бірнеше веб-сайтты басқарған": 40-тан астам елде тұтынушысы бар у сатушы қамауға алынды
Ұлыбританияда сексен сегіз адам канадалық сатушыдан у сатып алып, қайтыс болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Ұлыбританиядағы Ұлттық қылмыс агенттігі өлімнің тікелей себебі химиялық зат екенін растай алмайтынын айтты. Бірақ ықтимал қылмыстық құқық бұзушылықтар тергеліп жатыр. Британ полициясы сатып алушыларды іздеу үшін жүздеген мекенжайларға баруға міндетті.
Күдікті 57 жастағы Кеннет Лау у сататын бірнеше веб-сайтты басқарған. Ол 40-тан астам елдегі клиенттеріне улы химикат жіберіп отырған.
Пил аймақтық полициясы тергеуді сәуір айында Торонто аймағында ересек адамның қайтыс болуынан кейін бастаған. Сатушы қамауға алынғаннан бері Ұлыбританиядағы полиция күштері затқа тапсырыс берген 232 адамды анықтады. Ұлттық қылмыс агенттігі олардың 88-і қайтыс болғанын хабарлады.
"Қаза болғандардың отбасыларына қайғыра көңіл айтамыз. Оларға арнайы дайындалған полиция қызметкерлері қолдау көрсетеді. ҰҚА Корольдік прокуратура қызметімен кеңесе отырып, Ұлыбританияда жасалған ықтимал қылмыстық құқық бұзушылықтарға қатысты тергеу жүргізу туралы шешім қабылдады. Операция жалғасуда", –деді Ұлттық қылмыс агенттігі директорының орынбасары Крейг Тернер.
Қазір қамауда отырған сатушы Кеннет Лау осы айдың соңында сот алдында жауап береді.
Елдің Қылмыстық кодексіне сәйкес, адамның өз-өзіне қол жұмсауына көмектесу дерегі бойынша 14 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.