ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті "Жомарт" кенішіндегі апаттың салдарын жою барысын тексерді
Фото: Kazakhmys
Төтенше жағдай министрлігінің Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Рашид Дубаев пен “Қазақмыс корпорациясы” ЖШС Басқарма төрағасы Нұрахмет Нуриев “Жомарт” кенішінде орын алған апаттың салдарын жою жоспарының жүзеге асу барысын тексерді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Тексеру барысында оларға болжау және газсыздандыру үшін бұрғыланған техникалық ұңғымалар көрсетілді. Бұл жұмысқа RHINO бұрғылау қондырғысы пайдаланылды. Алдымен бұл қондырғы диаметрі 380 мм болатын бастапқы ұңғыманы бұрғылайды, кейін ол кеңейткіштің көмегімен 2,5 метрге дейін үлкейтіледі. Мұндай ұңғыманы құбырлар мен кабельдерді жүргізуге, сондай-ақ желдету үшін пайдалануға болады.
Комитет өкілдеріне газ концентрациясы шекті деңгейден асқан жағдайда электр жабдықтарын автоматты түрде сөндіретін стационарлық датчиктер таныстырылды.
Келушілердің қатысуымен барлық ұңғымалардағы газдың мөлшері өлшенді. “Спутник-М1” газ талдағышы арқылы алынған нәтиже кеніш атмосферасында газдың жоқ екенін көрсетті. Сонымен қатар кеніштің әрбір қызметкері қол газ талдағышымен және орналасуын анықтайтын датчикпен қамтамасыз етілді. Геобелгілерден түсетін мәлімет кеншілер мен техниканың жұмыс аймағындағы қозғалысын бақылау үшін тікелей Ұлытау облысы Төтенше жағдайлар департаменті мен Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетіне жіберіледі.
Ғ. Омаров атындағы Шахтапроходкалау тресі арнайы желдету өткелі салды. Ол 37 шығыс панелін апаттық аймақтағы төменгі транспорттық штрекпен байланыстырды. Алдағы уақытта бұл өткел таза ауаны жеткізу және суды сору құбырын орнату үшін пайдаланылады.
Сапар қорытындысы бойынша ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы атқарылған жұмысқа оң баға беріп, алдағы іс-шаралар жоспарын қатаң сақтаудың маңыздылығын атап өтті.
Қазіргі кезде “Жомарт” кенішінде ғылыми-зерттеу жұмысы жалғасуда. Оған жетекші ғылыми және инженерлік ұйымдар тартылды, терең зерттеулер кешені жүргізіліп, мониторинг пен бақылау жүйелері енгізілді, сондай-ақ мемлекеттік қадағалау органдарымен келісілген техникалық шешімдер әзірленді.

Желіде тілі шықпаған баланы қой ішегімен қылқындырғандардың видеосы тарады: Логопед-дефектолог ырымның үлкен қаупін айтты
