Алматылық америкалық күйеуімен ажырасқан соң баласын өзіне қалдырғысы келген: Қазақстан соты 3 жасар бүлдіршінді әкесіне қайтару туралы шешім шығарды
Алматыда 3 жасар америкалық азаматтың тағдырына қатысты сот ісі жалғасып жатыр. Ерлі-зайыптылардың екеуі де ажырасқаннан кейін баланың қайда қалатынын шеше алмай, сотқа жүгінген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Larusatax.com
Мәліметтерге сенсек, ұл баланың ата-анасы – бұрынғы ерлі-зайыпты оның қайда тұратыны жөнінде ортақ шешімге келе алмай отыр. Америкада тұратын әкесі ұлын қайтаруды талап етсе, алматылық анасы баланы өзіне қалдырғысы келеді.
Баланың әкесі – АҚШ азаматы. Ал отандасымыз Сана Онаева университеттен кейін Американың құқықтық жүйесін зерттеу үшін сол елде білімін жалғастыруды ұйғарған. Сана Онаева бірнеше жыл осы елде тұрған. Алайда ажырасқаннан кейін ұлын алып, Қазақстанға оралған. Бұған дейін америкалық сот баланың әкесімен тұруы қажет деген шешім шығарған. Бірақ анасына ұлын уақытша Қазақстанға алып кетуге рұқсат еткен. Алайда ол бұл мерзім аяқталған соң, АҚШ-қа оралудан бас тартты. Себебі қайтып барса, баласынан айырылып қаламын деп қорыққан.
"Қайтадан АҚШ-қа оралудан қорқамын. Сол жақта мен тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болдым. Күйеуім, АҚШ пен Франция азаматтығын алған. Маған ғана емес, кішкентай баламызға да психологиялық және физикалық қысым көрсетті. Өкінішке қарай, Америка мені қорғай алмады. Менің орнымда кез келген ана дәл осылай жасар еді. Егер мен АҚШ-қа қайтсам, баламды әуежайда бірден тапсыруым керек болады," – деді Сана Онаева.
Алматы қаласының алғашқы сот инстанциясы шешімді ананың пайдасына шығарды. Алайда ювеналды сот баланы әкесіне қайтару туралы үкім шығарды. Онаеваның қорғаушылары сот барысында судья тек америкалық заңдарға сүйеніп, Қазақстан Конституциясы мен халықаралық құқық нормаларын елемегенін алға тартады.
Тәуелсіз заңгерлер бұл істі АҚШ соты қарауы керек деп есептейді. Себебі ата-анасы мен баланың өзі де – сол елдің азаматтары. Алайда Онаеваның адвокаттары оның Қазақстанда тұруға ықтиярхаты бар екенін, сондықтан ол өз құқығын осы елдің сотында қорғай алатынын атап өтті.
Біреудің күйеуін қызының әкесі деп көрсеткен қазақстандық әйел сот алдында жауап берді
Еске салайық, бұған дейін журналист Асхат Садырбайдың экс-әйелі Айғаным Болатқызы Анна Данченкоға сұхбат беріп, бұрынғы некесі туралы ашық айтқан еді. Оның сөзінше, Асхат Садырбай бірінші некесінен туған ұлымен қарым-қатынаста қиындықтар көрген. Ерке Есмаханмен арадағы келіспеушілік салдарынан ұлын бір жылдай көре алмаған. Бұл жағдай оның мінез-құлқына әсер етіп, айналасына агрессия танытуына себеп болған. Айғаным Болатқызы сондай-ақ бұрынғы күйеуінің алимент төлемегенін мәлімдеді. Айғаным 2020 жылы заңды түрде ажырасқанымен, 2022 жылға дейін алимент төленбегенін айтты. Кейін небәрі 20 мың теңгеден төлей бастаған, ал кейінірек 75-115 мың теңге көлемінде төлемдер жасаған. Бірақ бірінші некесінен туған ұлына алимент төлемей жүргенін айтты.