Мен тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағандарға жазаны қатаңдатуды қолдаймын – Тоқаев
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Егемен Қазақстан" республикалық газетіне берген көлемді сұхбатында әйелдерге және балаларға зорлық-зомбылық жасағандарға жазаны қатайту керектігін айтты.
Кейінгі уақытта қоғамда зорлық-зомбылық пен қатыгездік белең алып барады. Әйелдер мен балалардың әлімжеттік көргені, соққыға жығылғаны туралы ақпарат күн сайын шығады. Президент тапсырмасымен мұндай қылмыстардың алдын алып, жолын кесу үшін нақты шаралар қабылданып жатыр.
"Әйелдер мен балаларға жасалған зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыстарды тергеумен әйел тергеушілер айналысатын болды. Сонымен бірге ішкі істер органдарында әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғаумен шұғылданатын мамандардың штаты қалпына келтіріліп, олардың құзыреті күшейтілді. Біз мұнымен шектелген жоқпыз. Былтыр отбасындағы тұрмыстық құқық бұзушылықпен күрес тәсілдерін қайта қарадық", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Оған қоса, 1 шілдеден бастап полиция жәбірленушінің шағымын емес, қылмыстың анықталуын негізге алып, қылмыстық істі тіркеуге көшеді. Яғни мұндай қылмыстарға қатысты іс қозғау үшін зорлық-зомбылықтан жапа шеккен адамның арызы қажет емес.
Қасым-Жомарт Тоқаев тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағандарға әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік едәуір күшейтілгенін тілге тиек етті.
"Жәбірленуші қайта-қайта қысымға ұшырамауы үшін бұдан былай мұндай іске қатысты тараптарға екінші рет татуласу мүмкіндігі берілмейтін болды. Сонымен қатар, мәжілістің бір топ депутаты халыққа Жолдауымның аясында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрестің жаңа әрі тиімді шараларын қарастыратын заң жобасын әзірлеп жатыр", – деді мемлекет басшысы.
Былтыр қараша айында экс-министр Қуандық Бишімбаевтың әйелін өлтіруі қоғамда үлкен дүрбелең туғызды. Қалың көпшілік қол жинағанымен, петицияны заңсыз деп жариялады. Осылайша, қазақстандықтардың көкейлерінде түрлі сұрақтар қалғаны анық. Бұған қатысты мемлекет басшысы: "Мен елімізде "заң мен тәртіп" қағидатының орныға түскенін қалаймын. Сондықтан нақты жауап берейін, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жазаны қатайтуды толық қолдаймын. Сіз айтқан петиция заң талабына сай келсе де, келмесе де, азаматтардың пікірі міндетті түрде ескеріледі. Оған күмән болмасын", – деп жауап берді.
Сонымен қатар ол қоғамда озбырлық пен зорлық-зомбылықтың кез келген түріне мүлдем төзбейтін түсінік қалыптаспаса, заңға енгізілген өзгерістерден аса қайыр болмайтынын айтты.
"Жұрт зорлық-зомбылық жасағандарға жазаны қатайтуды талап ете тұра, қылмыс әлеміндегі шытырман оқиғаларға таңдай қағып, фильмдердің заңды белден басатын кейіпкерлерін ғана емес, тіпті шынайы өмірдегі кәнігі қылмыскерлердің өзін пір тұтып жатады. Бұл жағдай бір-біріне мүлде кереғар және өте оғаш көрінеді. Солай емес пе?! Біз қоғамды ішінен ірітетін, адамгершілікке жат қылықтарды ақтауды көздейтін кез келген әрекетке және құқықтық нигилизмге тұтас ел болып тосқауыл қоюымыз керек", – деді Қазақстан президенті.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев біз заңсыздық пен қатыгездікке бір кісідей, батыл қарсы тұруымыз қажет екенін, сонымен бірге қоғам нормалар мен ережелердің және жалпы адамзатқа ортақ құндылықтардың аяқасты болуын қатаң айыптап, онымен бірлесе күресуі керектігін баса айтты.