Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тұрмыстық мәселелерді шешу, зияткерлік әлеуетті көтеру: Ақмола облысында "Ұлттық рухани жаңғыру" жобасы қалай жүргізіліп жатыр?

"Ұлттық рухани жаңғыру" ұлттық жобасы 2021 жылғы 12 қазанда ҚР Үкіметінің № 724 қаулысымен бекітілді. Ол "Рухани жаңғыру" құндылықтарын ілгерілету және мемлекеттік тілді дамыту, "Ел рухы" және Тәуелсіздік ұрпақтары атты үш бағыттан тұрады. Биыл Ақмола облысында жоба аясында бірнеше шаралар өткізіліп, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, көпбалалы аналарға көмек ретінде дағдарыс, құқықтық қолдау орталықтары ашылды. Ақмола облысының ішкі саясат басқармасының жастар және отбасы жөніндегі бөлімінің бас маманы Аягөз Мизанбекова жоба аясында Ақмола облысында зияткерлік әлеуетті көтеру бойынша жоба қандай жетістіктерге жеткенін айтып берді.

рухани жоба

Мәдени-танымдық шаралар

"Облыс бойынша жоба аясында 700-ден астам іс-шара өткізілді. Дәстүр мен ғұрыпты кеңінен насихаттап, бірінші бағыт аясында "Қымыз – ұлы даланың ұлы қазынасы", "Қазақ ұлттық киімі", "Менің ата-бабаларымның ойындары", "Батамен ел көгерер" сияқты жарыстар өткізілді, әлеуметтік желілерде "Қазақ халқының дәстүрлері" және "Қазақ халқының дәстүрлі тағамдары" айдарлары ашылды", – деді Аягөз Мизанбекова. 

Сондай-ақ, "Әжемнің ертегісі" бейнероликтері түсіріліп, қазақтың өсиеттері, аңыз-әңгімелер айту керек еді. Ол қазақтың ұлттық мәдениетімен жақынырақ таныс болып, ата-баба аманаттаған құндылықтарды кейінгі ұрпаққа жеткізуге мүмкіндік берді.

Маманның айтуынша, тамыз айында "Ruh vision" іс-шаралар кешені болды. Ruh vision мақсаты – қоғам өкілдерінің сауаты мен белсенділігін көтеру, азаматтық позициясын айқындау. Көкшетау қаласында қоғамдық даму институтымен "Ruh camp" семинары ұйымдастырылып, облыс мамандары қатысты. Оқыту семинары қызметкерлердің коммуникативтік қасиеттері, аналитикалық дағдылары мен сыни ойлау қабілеттерінің дамуына, ауқымды деректермен жұмыс істеудің жаңа әдіс-тәсілдерін меңгеруге, ЖАО қызметкерлерінің біліктілігінің артуына және БАҚ саласында сапалы ақпараттық-имидждік сүйемелдеуді қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

Жастарды тек ұлттық емес, әскери-патриоттық тәрбиелеу бойынша шаралары өтеді. Осы тұста маман Ақмола облысының мектептері мен колледждерінде 277 әскери-патриоттық клубтар бар екенін тілге тиек етті. Бұл клубтардың мақсаты – жастардың бойындағы азаматтықты ояту.

"Ж.Мусина атындағы жоғары қазақ педагогикалық колледжінің жанынан 2015 жылдан бастап "Томирис" патриоттық клубы жұмыс істейді. Клубта қыздарда эстетикалық тәрбие, азаматтық позицияны қалыптастыру, патриоттық сезімді дамыту жұмыстары жүреді. Ал Степногорск, Көкшетау қалалары, Атбасар, Зеренді, Целиноград аудандарының жалпы білім беретін мектептерінде әскери іс, дене шынықтыру, медициналық талаптарды тереңдетіп оқытатын 25 сынып жұмыс істейді", – деді Мизанбекова.

Сондай-ақ, Ақмола облысының жастар-ресурстық орталығы Көкшетау қаласының №5510 әскери бөлімінің әскери қызметшілеріне арналған зияткерлік ойын өткізді. Осылайша әскер саласында жүрген тұлғаларды әлеуметтендіріп, рекреативті-тәрбиелік жұмыс жасалған.  Ақмола облысының ішкі саясат басқармасы маманының пайымдауынша, Зеренді ауданында "Jas Camp Aqmola-2022" жастар жазғы лагері болған. Лагерь барысында "Жас сарбаз" бағыты аясында АК-74 автоматын бөлшектеу және құрастыру бойынша конкурс ұйымдастырылды. 
"Ұлттық рухани жобасында мұндай бағыттың болуы маңызды. Өйткені біліммен қатар, әскери сала, күресе білу – ол жауапкершілікті оятып, дисциплинаға үйретеді. Мұндай шаралар Отанға деген сүйіспеншілікті арттырады", – деді сарапшы. 
Мәдени шаралар негізінде ересектер мен жастардың қызығушылықтары артты, өздерін белсенді көрсете бастады.

Әлеуметтік шаралар

Бас маман "Ұлттық рухани жаңғыру" ұлттық жобасының моральдық құндылықтардан бөлек, елдегі өзекті мәселелермен күресуді көздейтінін атап өтті. Мысалы, жастар арасында Интернетке тәуелділік пен құмар ойындардың алдын алу бойынша шаралар өтті. Жастарға түсіндірме жүргізе отырып, қауіпті індеттердің алдын алуға болады.

"Фокус-топтарға сауалнама жүргізу және интернетке тәуелділік деңгейі жоғары өңірлерді, жастар мен балалар арасында кибербуллингті анықтау, ақпараттық курстарды іске асыру және т. б. шаралар мен жобалар қосылды. Соның бірі – "Рестарт" жобасы", – деді бас маман.

Оның айтуынша, жоба аясында "Жас Ұлан" бірыңғай балалар-жасөспірімдер ұйымымен Азаматтық бастамалар орталығымен бірігіп, апта сайын балалар мен жасөспірімдерге онлайн-режимде Интернетке тәуелділік пен кибербуллингтің алдын алу бойынша тренингтер мен семинарлар өткізілді. Сондай-ақ, білім беру ұйымдарында "қауіпсіз Интернет" апталығы болды. Балаларға Интернеттегі түрлі ағым мен алаяқтардың шырмауына түспеу, контентті талдау мәселесі үйретіліп, тәжірибелік тапсырмалар көрсетілгендіктен, олар қауіптен ада болуға тырысты.

Ақмола облысының ішкі саясат басқармасы тұрмыстық мәселелердің шешу жолын қарастырғанын айтады. 

"Отбасылық құндылықтарды насихаттау, көпбалалы аналар мен отбасыларды қолдау, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жөніндегі іс-шараларды ұйымдастырды.Отбасылық құндылықтарды сақтау мақсатында "Отбасы – өмір аясы", "отбасы - қазына", "Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі", "Мерейлі отбасы" ҰК, "Отбасы ағашын отырғыз" акциясы, сондай-ақ, жас отбасылар үшін психологиялық семинар-тренингтер өтті", – деді ол.

Облыста мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде психологиялық, медициналық, құқықтық және әлеуметтік көмек көрсете отырып, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары үшін 6 айға дейін уақытша тұру көзделген баспанасы бар 6 дағдарыс орталығы жұмыс істейді. Маманның айтуы бойынша, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету шеңберінде үш ауданда тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған консультативтік пункттері бар.

2022 жылы 1 қарашаға дейін дағдарыс орталықтары 216 адамды, оның ішінде 65 әйел мен 151 баланы тұруға қабылдады.

Сонымен қатар, 2022 жылдың наурыз айында Көкшетау қаласында неке сарайы мен "Ақ босаға" отбасылық тәрбие және демалыс орталығы ашылды.

Аягөз Мирзанбекованың сөзінен жоба басталғаннан бері 26 көпбалалы отбасыға материалдық көмек көрсетілгені белгілі болды.

"Сондай-ақ, қиын жағдайға тап болған азаматтарға құқықтық, психологиялық және әлеуметтік көмек көрсететін "Шанс" әлеуметтік-психологиялық құқықтық қолдау орталығы ашылды. Бүгінде жоба аясында 205-тен астам балаға көмек көрсетілді", – деп атап өтті Аягөз Мизанбекова.

Оның айтуынша, "Мейірімді жүрек Lider.kz" қоғамдық қорының ұйымдастыруымен жалғызбасты және өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарға арналған 22 орындық пансионат бар. Ақмола облысының тұрғындары қиын жағдайда осындай жерлерге жүгіне алады.

Қолдау шаралары

Үшінші бағыт "Тәуелсіздік ұрпақтарында" жастарға құқықтық, психологиялық, т.б. ақпараттық-кеңес беру көмегі ұйымдастырылған.

"Жастар ресурстық орталығы жанынан "Жастарға қызмет көрсету орталығы" жұмыс істейді. Ол жұмыссыздықпен күресіп, жастардың қызметке орналасуына, қоғамда орнын табуға ықпал етеді. 2022 жылдың 11 айында 7000 азаматты жұмысқа орналастыруға жәрдем көрсетілді", –деді бас маман.

Ақмола облысының Жастар ресурстық орталығының базасында "Еріктілерді қолдау орталығы" өңірлік фронт-офисі құрылды. Ол ерікті жастардың санын көбейтіп, олардың бастамаларының жүзеге асуын қамтамасыз етеді. 

"Волонтерлік салада 13 жастар ұйымы белсенді жұмыс істейді. Аудандар мен қалалардың жастар ресурстық орталықтары жанынан 84 волонтерлік орталық құрылды. Онда волонтерлік, жастарды мемлекеттік қолдау шаралары, психологиялық және заң көмегі саласында жастарға кеңес беру үшін консультативтік колл-орталықтар бар", – деді Мирзанбекова.

Облыста "Bilim", "Sabaqtastyq", "Asyl mura", "Qamqor", "Taza Álem", "Үміт", "Saýlyq" бағыттары бойынша 7 жалпыұлттық жоба іске асырылуда. Сондай-ақ, облыс еріктілері "Birgemiz" тұжырымдамасы аясында 300 мың теңгеден 23 шағын грант жүзеге асады.

"Бұдан басқа, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде бастаушы еріктілерге 200 мың теңгеден 7 грант бөлу көзделген. Жастар ұйымдарының жобаларына және волонтерлік қозғалыстарды дамытуға арналған гранттарды қаржыландыру 1,5 есеге ұлғайтылмақ", – деді Ақмола облысының ішкі саясат басқармасының жастар және отбасы жөніндегі бөліміне жауапты. 

Ақмола облысының ішкі саясат басқармасының жастар және отбасы жөніндегі бөлімінің бас маманы Аягөз Мизанбекова "Ұлттық рухани жаңғыру" ұлттық жобасы жастар мен отбасыларға жаңа мүмкіндіктер сыйлап, жаңа бастамаларға себепші болғанын атап, жоба мүмкіндіктеріне мақтаныш білдіретінін тілге тиек етті.

Қырмызы Скендирова
Сейсенбі, 29 Қараша, 2022 12:45
Талқылау