Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Тұрмысқа шығып ойынды тастаймын деп ойладым": Қазақстандық әйел құмар ойынға салынғаннан кейін өмірі қалай өзгергенін айтты

Онлайн-казино құмар ойындарға оңай қол жеткізуге болатынын айтып, әлемді жаулап алуға тырысып жатыр. Көпшілігі мұны жай ғана ойын-сауық үшін деп ойлайды. Алайда оның адам өмірін мүлде басқа арнаға бұра алатын күші барын білмейді. Осы орайда құмар ойынға салынып, қарызға батқан Аяла есімді қазақстандық қыз басынан өткізген оқиғасын Stan.kz тілшісіне айтып берді.

Фото: Fonstola.ru

Көп ұтқан сайын соғұрлым көп жеңілесің

Аяланың сөзінше, оны құмар ойынға 2,5 жыл бұрын құрбысы тартқан. Мұны екі аптадай ойнап, 50-60 мың теңгеге ұтылған соң қоя салдым дейді ол. 

“Құрбым әрі әріптесім осыдан 2,5 жыл бұрын ойнап көр деп көрсеткен еді. Сосын екі апта ойнап, 50-60 мың теңгеге ұтылған соң, керек емес деп қоя салдым. Жарты жылдан кейін жұмыстан шығып, өз салама қатысы жоқ жерге орналастым. Бос уақытым көп болды. Сосын онлайн-казино бары есіме түсіп, қайта бастадым. Тұрмысқа шығып ойынды тастаймын деп ойладым. Сонда да тастай алмадым. Бастапқыда 2-3 апта кірмедім, одан кейін ипотека төлей алмаған соң күйеуімнен ажырасып кеттім”, – деді ол. 

Аяланың сөзінше, оның қазір 9 миллионға жуық қарызы бар екен. Ол құмар ойыннан арылу үшін психологпен жұмыс істеп жатқанын айтты. 

“Лондонда құрбым бар еді, оған бар сырымды айттым. Ерік есімді лудомандарды емдейтін психологпен таныстырды, қазір сол маманмен жұмыс істеп жатырмын. Бұрын жылына екі рет шетелге саяхаттайтынмын, өз үйім болды. Қазір 9 миллионға жуық қарызым бар. Төлей алмай жатырмын. Құрбымның стоматологиялық орталығында администратор болып жұмыс істеп жатырмын. Жалақым 200 мыңдай. Ипотекамды төлеуге жетеді. Алайда алдағы уақытта барлық қарызымнан қалай да құтылуға тырысамын”, – деді Аяла. 

Құмар ойынға үйірсек адамдардың қызығушылығы тез өзгереді

Осы тұста Алматы қаласы Психикалық денсаулық орталығының директоры Сапар Рахменшеевтің сөзінше, құмар ойын туралы заң – тәуелділікпен күресуге бағытталған оң шешім. 

“Ойынға тәуелділік адамның жеке өмірі мен жұмысына, әлеуметтік байланыстарына кері әсер етуі мүмкін. Құмар ойындарға патологиялық бейімділік адам өмірінде үстемдік ететін және әлеуметтік, кәсіби, материалдық және отбасылық құндылықтардың төмендеуіне әкелетін құмар ойындарға қатысудың жиі қайталанатын эпизодтарында жатыр: мұндай адам осы салалардағы өз міндеттеріне тиісті назар аудармайды", – деді маман. 

Сондай-ақ маман құмар ойынға тартатын бірнеше белгілерді айтты. Сөзінше, құмар ойынға тәуелді адам күнделікті уақытының біраз бөлігін ойынмен өткізеді. 

“Құмар ойынға үйірсек адамдардың қызығушылығы тез өзгереді. Бұрыннан келе жатқан ынталандыратын дүниелерді ойынмен ығыстырып, бүкіл өмірін құмар ойынмен елестетеді. Жеңіп немесе жеңіліс тапқан уақытта да өзін бақылауды жоғалтып, үнемі ойнай бергісі келіп тұрады. Психологиялық тұрғыдан ыңғайсыздық туындап, мазасыз күйге түседі”, – дейді маман.

Маманның айтуынша, қанша жеңіліс тапса да, ойынды қайта бастауға деген талпынысты жеңу қиынға соғады дейді. 

“Ойынға қатыспай, аздаған үзілістен кейін қайтадан ойнай бастағанда ол ұмтылысты жеңу қиын. Құмар ойынға қатысу жиілігінің артуы, барған сайын үлкен тәуекелдерге алып келеді. Осылайша адам өзінің ішкі күйіне қарсы шығып, жақындарының сөзін тыңдаудан қалып, азғыруға қарсы тұру қабілетінен айырылады”, – дейді Рахменшеев. 

Ойын кезінде адам миында есірткіге ұқсас зат пайда болады

Маман ойынға тәуелділіктің адам бойында қалай көрініс табатынын жеткізді. 

"Аты аталған есірткіге ұқсайтын нәрсе ғылыми тілде – эндорфин деп аталады. Айырмашылығы есірткі қабылдағанда эндорфин химиялық реакция арқылы сыртқа шығады. Құмар ойын ойнаған кезде гормон сыртқа емін-еркін шығады", – деді ол.

Сапар Рахменшеевтің сөзінше, адам ойын кезінде толқу, жеңісті сәт сынды эмоцияларды бастан кешіреді. 

“Құмар ойынға тәуелді болудың басты себебі – жанұяда әке мен шешенің баласына жөнді тәлім бермеуі. Дұниені, ақшаны жоғары қойып, бәрін көк қағазбен шешуге болады деген жөнсіз түсініктер құмар ойынға бірден-бір себеп”, – деді маман

Сондай-ақ маман құмар ойындар өз дамуында 3 кезеңнен өтетінін айтты. 

“Біріншіден, тәуелділік біреудің итермелеуімен болады. Мәселен, бір досы бірге ойнауға көндіруі мүмкін. Құмар ойынға әуестеніп, адам жеңіліс тапқанын  білмейді, тек жеңген сәттерін байқайды. Екіншіден, көп ойнай беретін болады. Уақытының бәрін ойынға арнайды. Мәселен, адам тәуелді болып,  мүлдем шыға алмайтындай деңгейге жетеді. Ол қыдыру, достармен кездесу сынды дүниелерді жиып қойып, тек компьютер алдында, ойын автоматтарының жанында жүреді. Үшіншіден, құмар ойын адамның өмірінің мәніне айналады”, – дейді маман. 

Сапар Рахменшеев, осы кезеңдерден аман-есен өтіп, жүйке аурулары мен депрессияны жеңу үшін дәрігерлермен уақытылы кеңесу керегін айтты.

Талқылау