Тұрмысы төмен аналар несиені кешіру акциясына ілікпей қалдық деп наразы
Көпбалалы, мүгедек бала асырап отырған немесе жалғызбасты аналардың несиесін кешіру акциясы аяқталды. Президенттің жарлығы бойынша былтырғы шілдеден басталған науқан барысында жарты миллиондай адамның борышы азайған. Алайда, мемлекеттің осы шарапатына ілінбей қалғандар да бар, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның "Информбюро" жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап.
26 маусымдағы президенттің жарлығына сәйкес бес жүз мыңдай адамның 300 мың теңгеге дейінгі несиесі мемлекет есебінен өтелген. Осы 300 мың теңгенің өзін қырыуар қаражат санап отырған Гүлшырын екі толқынмен өткізілген акцияға мүлдем ілікпей қалған. Ау баста әлеуметтік мәселесі расталып, борышы кешірілетіндер тізімінде болғанымен кейін оның несиесі өтелмепті.
"Сол 300 мың теңгенің өзі мен үшін үлкен көмек болатын еді. Ұлттық банкке дейін бардық, жолдаған хатымызға ол жердегілер жауап та жазған жоқ. Не болады, не болмайды деп те айтпайды. Бір шешімін айтса, қайта-қайта барып іздене бермейсің ғой. Бопты, әйтеуір бір құтылармын деп ойларсың", - дейді жалғызбасты ана Гүлшырын Әбдіхалыққызы.
Гүлшырын секілді осы акцияның шарапаты әлі де тиетін шығар деп үміттеніп жүргендер көп екен. Алайда борыш жүктмесін азайту науқаны былтыр желтоқсанда аяқталған. Бұл туралы сол кезде министрдің өзі айтқан болатын.
"Бұл бірмезгілдік акция болатын. Жоқ па, жоқ деген сөз. Акция сонымен бітті", - деп мәлімдеді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов.
Министрдің қарамағындағы мамандар науқанның 7 желтоқсанда аяқталып, бөлінген қаражаттың игеріліп кеткендігін растады. Ал министрліктің өкілдері әлеуметтік мәртебесі айқын бола тұра, кей азаматтардың не себепті борышы кешірілетіндердің тізіміне ілінбегенін де түсіндіруге тырысты.
"Әкесінің сол балаларды әкесі екендігі базада көрінбей тұрған, ЗАГС-тың мәліметі бойынша біз ондай хабарламаларды дер кезінде ала алмаған болатынбыз немесе олар отцифровкадан өтпей қалған. Сондай бір әртүрлі себептер де болуы мүмкін. Азаматтардың өздеріне де байланысты", - деді Аяжан Жаңқабылова.
Мемлекет есебінен азаматтардың борыштық жүктемесін азайту акциясына 115 миллиард теңгедей жұмсалған. Несиеміз кешірілмеді деген аз қамтылған отбасылар болса борышын уақытында өтеп отырғандарға да осы акцияның пайдасы тиді, ал біз құр қалдық деп қынжылады. Оның үстіне несиесін төлеуге мүмкіндігі болмағандықтан, қарызы коллекторларға өтіп осы акциядан шет қалғандар да жетерлік.
Бұған дейін Оралда несиенің кешіру науқанына ілінбей қалдым деп қаймыққан егіз қыздардың мүгедек әкесі аштық жариялағаны туралы айтылған еді.

Астана әкімдігі сенбілікте пластик жинағандарға қағаз салфетка таратқан: Экологтар бұның үлкен қате екенін айтып, дабыл қақты
