Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Түркістан облысында шенеуніктер мемлекеттен берілетін грант үшін 200 мың теңге талап еткен

 

Түркістан облысында бизнес идеясын іске асыру үшін мемлекеттен қайтарымсыз грант алуға дәмелі болған азаматтар шу шығарды. Олар грантты бөлетін комиссия мүшелерінің өзі үміткерлерден 200 мың теңге сұрады дейді. Айтуларынша, бұл ақшаны бергендер 1 миллион 200 мың теңге көлеміндегі грантты еш кедергісіз алған. Ал мұндай "бармақ басты, көз қысты" әрекеттен қашқандардың бастапқыда мақұлданған жобасы ақыры өтпей қалды дейді. Сондықтан олар комиссия мүшелерін аластатуды сұрап отыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап.

Түлкібастағы мемлекеттік грант бөлу комиссиясына шағым айтқандардың бірі – Қатира Алдабергенова. Ол қысқы азық ретінде көкөністерден түрлі салат жасап, оны банкаға жабумен айналысатынын айтады. Енді осы ісін шағын кәсіпке айналдырып, іс бастамақ болған. Тіпті ұсынған жобасын түсіндіргенде, комиссиядағылар әу баста тамсанып, бір ауыздан "өттің" деп шығарып салды дейді. Кейін табан асты шешімдерін өзгертіп, үміткерлер тізімінен сызылғанын жеткізіпті. Келіншек мұнда бір шикілік бар деп отыр.

“Сіз өттіңіз, гранттың иегерісіз деді. Мен сол қуанышпен үйге бардым. 2 күннен кейін қуанышым су сепкендей басылды. Сіз комиссия шешімі бойынша грант ала алмайсыз деген хабарлама келді”, – дейді Түлкібас ауданының тұрғыны Қатира Алдабергенова.

Ал тұрғындарды алғашқы кәсіпке баулып, бизнес жоспар жасауға көмек беремін деген Ернар Иманалы да грант бөлу комиссиясына ашулы. Ол тіпті комиссия мүшесінің бірі келіп өзіне ұсыныс жасағанын да айтты. Онысы ақылы дейді.

“Маған менің адамдарымды өткізіп берсең, мен комиссиядан сенің адамдарыңды өткізіп беремін деп нақты айтқаны видеоға жазылған. Екі жүз мың теңге сұрады”, – дейді Түлкібас ауданының тұрғыны Ернар Иманалы.

Әрі Ернар Иманалы сол күні өзін грант бөлу комиссиясының мүшесімін деп таныстырған Қанат Елеуовпен арадағы әңгімені видеоға түсіріп алыпты. Онысын бізге дәлел ретінде ұсынды. Бейнежазбадағы азамат шынында Түлкібастағы мемлекеттік грант беретін комиссияның мүшесі болып шықты. Одан өзге аудандық қоғамдық кеңес мүшесімін деді.

“Ол кез келген сараптамадан шығады. Оны жоқ, мен емеспін деп айта алмаймын. Сондықтан мен ешкімге кінә да артпаймын. Өзімді де ақтамаймын”, – дейді Түлкібас аудандық мемлекеттік грант бөлу комиссиясының мүшесі Қанат Елеуов.

Алайда ол "қолымнан көп нәрсе келеді" деп тек мақтану үшін айттым, бұл шындыққа жанаспайтын сөздер дейді.

Ал Түлкібас аудандық әкімдігінің Жұмыспен қамту орталығының басшылығы болса, комиссия мүшелеріне қатысты қандай да бір жазбаша шағым түскен жоқ деп отыр. 13 адамнан құралған комиссия құрамына ашықтық сақталсын деген негізбен қоғамдық ұйым мүшелері кіргізілген деді. Ал бейнежазбадағы дерекке қатысты тексеру жүргізіледі.

Талқылау