Тұрғын жауған қардың видеосы үшін кешірім сұраған: Павлодардық әкімнің үстінен қызметтік тергеу жүргізіледі
Павлодар облысының Баянауыл ауданы Егіндібұлақ ауданының тұрғыны жауған қарды видеоға түсіргені үшін кешірім сұраған болатын. Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік іс бойынша тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Pavlodarnews.kz порталына сілтеме жасап.
Өңірлік мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің мәліметінше, Құндыкөл ауылдық округінің әкімі Самат Ибраевқа қатысты тәртіптік іс қозғалды, оның аясында қызметтік тергеу жүргізіледі.
"Оның қорытындысы бойынша тиісті шешім қабылданады. Егер жауапты тұлғаның кінәсі дәлелденсе, ол тәртіптік жауапкершілікке тартылады. Жасаған іс-әрекетінің ауырлығына қарай, ескертуден қызметтен босатуға дейін тәртіптік жаза қарастырылған", – деп мәлімдеді ведомстводағылар.
Бұған дейін Павлодар пабликтерінде жауған қарды видеоға түсіргені үшін әкімдіктен кешірім сұраған Баянауыл ауданы тұрғынының видеосы тарады. Әйел шенеунікке видеоны әлеуметтік желіде жарияламағанын, туыстарына жібергенін айтып ақталды.
Желі қолданушылары әкімдік қызметкерінің әйелге не үшін кешірім сұратқанын түсінбей әлек болды.
Баянауыл ауданының әкімі Қанат Кәрімов тұрғынмен кездескен. Оны видеоға түсірген қызметкерді жазалауға уәде беріп, оның нұсқауды дұрыс түсінбегенін айтты.
Бұл арада Егіндібұлақ ауылының әкімі Самат Ибраев әйелді видеоға өзі түсіріп алғанын мойындаған.