Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Тұрғын үй де, ақшалары да қайтарылмаған": Депутат қаржы пирамидасынан зардап шеккендердің көбеймесе, азаймай жатқанын айтып дабыл қақты

Сенатор Геннадий Шиповских өзінің депутаттық сауалында қаржы пирамидаларынан зардап шеккендердің саны көбейіп кеткенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Сурет ашық дереккөзден 

Депутат елдегі қаржы пирамидаларына қатысты қылмыс деңгейі төмендегенімен зардап шеккендердің саны көбейіп кеткенін айтты.

Геннадий Шиповских бас прокуратураның дерегін келтіріп, "Қаржылық пирамиданы құру және оған басшылық ету" бойынша 2021 жылы - 233 , 2022 жылы - 104, ал биылғы жылдың тоғыз айы бойынша 89 іс сотқа жіберілгенін жеткізді.

"Аталған статистикаға қарасақ, жылдан-жылға қаржылық пирамиданың құрбандары азайып келе жатқан секілді көрінуі мүмкін. Ал сол пирамидалардан жапа шеккендердің тізіміне қарайтын болсақ, керісінше статистиканы байқаймыз: 2021 жылы жәбірленушілер саны – 1259, 2022 жылы – 892, ал биылғы жылдың тоғыз айы бойынша жәбірленушілердің саны 2079 адамды құрап отыр. Аталған статистикада тек сот жәбірленуші деп таныған адамдардың тізімі көрсетілген", – деп атап өтті депутат.

Депутат сонымен қатар оның атына бірнеше кооперативтің 42 салымшысынан шағым келіп, азаматтардың көмек сұрағанын алға тартты.

"Қаржылық пирамидалардың алдын алуға бағытталған қажетті тетіктердің бәрі бар, сондай-ақ Парламент тарапынан заңнамалық қолдау да көрсетілуде. Десе де, қаржылық пирамида ұйымдарынан зардап шеккендердің саны қысқарар емес. Не себепті осы күнге дейін қаржылық пирамида ұйымдарын жеңе алмай келеміз?" – деп сұрады сенатор.

Айтуынша, көпшілік кооперативтерге ақша салып, кейін уәде етілген тұрғын үйі де, ақшалары да қайтарылмаған. Депутат сот шешімі шықса да, 453 адамның ақшасын қайтара алмай жүргенін айта кетті. Жалпы шығын құны 1 млрд теңгеден асады екен. 

Талқылау