Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Зейнетақы жинақтарын тұрғын үйге пайдалану бойынша өтініштер саны тағы да күрт өсті

Қазанда тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында зейнетақы жинақтарын біржолғы төлем түрінде шығару бойынша 45,3 мың өтініш келіп түсті. Қыркүйек айымен салыстырғанда 15%-ға көп. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі DataHub арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: depositphotos.com

Белсенділіктің күрт өсуі шілде айында басталған еді, ол кезде зейнетақы қаражатын шығару мүмкіндіктерін шектеу туралы пікірлер қоғамда талқылана бастады. Сол уақыттан бері бұл қарқын бәсеңдемей келеді. Қазіргі "тұрғын үйге" байланысты өтініштердің саны тіпті алдыңғы үш айдағы жоғары көрсеткіштерден асып түсті.

Қазанда бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының өтініштерін орындаудың жалпы сомасы 37,4 миллиард теңге болды. Қыркүйекпен салыстырғанда бұл көрсеткіш өзгеріссіз қалды. Ал шілде айындағы 45,1 миллиард теңгенің шарықтау шыңымен салыстырғанда біршама төмен. Өткен айда өңделген әрбір үшінші өтініш тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне қаражат салымын толықтыру мақсатында болды. Ал жалпы сомасы бойынша ең үлкен үлесті (38%) тұрғын үйді сатып алудағы соңғы есеп айырысуға арналған қаражатқа тиесілі.

Қазанда емге байланысты орындалған өтініштердің жалпы саны 13,2 мыңға жетті. Бұл өткен аймен салыстырғанда 20%-ға көп, бірақ шілдедегі 20,8 мың өтініштен әлдеқайда аз. Жалпы сома 13,2 миллиард теңгеге жетті. Бұл айлық өсім бойынша 20%-ға жоғары, бірақ шілдедегі 25,1 миллиард теңгеден төмен. Өтініштердің 98%-ы және қаражаттың 99%-ы стоматологиялық қызметтерге арналған.

Бастапқыда мұндай қаражатты пайдалануды уақытша тоқтату немесе оны алу шарттарын күрделендіру туралы ой болғанымен, әзірге бұл жөнінде нақты шешім жарияланған жоқ.



Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда жалға берілетін тұрғын үй бағасы төмендегенін жаздық. Жылжымайтын мүлік нарығының сарапшысы Александр Дубровиннің мәліметінше, жалға берілетін баспана бағасы арзандап жатыр. Жалпы алғанда, төмендеу шамамен 1-ден 9 пайызға дейін байқалады. Бұл көрсеткіш бойынша Солтүстік Қазақстан облысы көш бастап тұр.

Талқылау