Алматы облысының тұрғыны халықты түйенің зәрімен емдейді: Қатерлі ісіктің бетін қайыратын дәрі - түйенің зәрі
Алматы облысының тұрғыны 71 жастағы Өтеміс Мақанов мал шаруашылығымен ес білгелі айналысады. Әсіресе төрт түлік малдың Ойсылқара тұқымын ерекше жақсы көреді. Басқа емес, дәл түйені бағуының да өзіндік сыры бар дейді. Түйенің еті мен сүті ғана емес, оның зәрі де талай ауруға ем болады дейді. Өзі де коронавируспен ауырып, шұбат пен зәрін ішіп жазылғанын айтады. Өтеміс атаның Stan.kz тілшісіне айтуынша, түйе зәрі көп ауруға ем.
2003 жылы Жамбыл облысынан көшіп келген Өтеміс ата қазіргі таңда Алматы облысы Іле ауданы Ақши ауылында тұрады. Кәсібі - түйе бағу, шұбатын сауып, ауыр дертке шалдыққандарды емдеу. Өзінің жеке емханасы бар екенін айтқан Өтеміс ата малдың сүті дертке ем екенін жақсы біледі. Бір өкініштісі, қазір төрт түлік шаруашылығына көңіл бөлінбей тұрғанына қынжылады.
"Төрт түлік малдың барлығын баққанмын. Қазір түйе малына тоқтадым. Түйе - киелі, ұлық мал. Екінің бірі түйені баптап ұстай алмайды. Өте қымбат мал. Бір боталы түйе 2 миллион тұрады. Екі жылда бір боталайды. Бір жыл сауады. Бұрынан еті де, сүті де, өркеші де талай ауруға ем болған. Түйелеріме қарайтын малшылар мен сауыншылар бар. Емханамда адамдар ем алып жатыр. Аллаға шүкір жұмысым жүріп тұр. Мынау аурудың кезінде көп адамға пайдам тиіп жатыр. Мына қазақ түйенің шұбаты мен биенің қымызының қадірін енді білді. Бізде ауыл шаруашылығына көңіл бөлінбейді, әлі дамымаған. Малдың етін жеуді білгенімен, баптауын білмейді. Біздің ата-абамыз баққан, оны біз әлемге үйретуіміз керек", - деген ол түйенің зәрі де қазіргі кезде таптырмас ем екенін айтып қалды. .
"Емханаға өкпесі қабынып, онкологиялық ісік табылып келіп жатқандар бар. Олардың бәрін ақпен емдеп жатырмыз. Ал қатерлі ісікке шалдыққандарға зәрін береміз. Ісіктің бетін қайыратын дәрі - түйенің зәрі. Түйе бір күнің ішінде 50-60 түрлі шөп жейді. Осыдан кейін оның сүті де, зәрі де қалай дәрі болмайды? Түйенің зәрін онкологиямен ауырып келген адамдар ішеміз десе ғана беремін, екінің біріне бере бермеймін. Қалғандарын түйенің сүтімен емдеп жатырмын. Түйенің сүтіне тең дәріні ешкім ойлап таба алмайды. Ақ тұрған жерде дерт тұрмайды. ", - дейді ол.
Өтеміс ата індет жайлаған заманда вирус жұқтырғандарға түйенің зәрі ем болатынын айтады.
"Болады. Зәр шөптің сығындысы ғой. Ол қалай дәрі болмайды? Түйенің сүті де, зәрі де - дәрі. Көшпенді қазақ ауырмаған. Қазір осының қадірін білмейді. Оның қадірін айтсаң артта қалып қалған адам боламыз. Қазіргі дерттің бәріне түйенің зәрі де, сүті де ем бола алады деп айта аламын. Қайда барып айт десең де айтамын. Өйткені өзім де сол вируспен ауырып, жазылып шықтым. Жиырма күн ауырдым. Түйенің шұбатыны ішіп, аптасына екі рет зәрін ішіп жазылдым", - деген Өтеміс ата бір де бір дәрі ішпегенін айтады.
Оның фазендасында шұбаттың литрі 800 теңге. Ал зәрін ішемін деушілерге ешқандай ақы алмайды. Ал егер ауруыңыз дендеп, емханасында жатып ем қабылдаймын десеңіз күніне 6000 мың теңге төлейсіз.

Қазақстандық блогерлер "лотереяға" тыйым салатын заңды айналып өтудің жолын тапты
