Тұрсынбаева: Аяғы көз алдында қақ бөлінгенде мойымаған Тамараны сыйлаймын
Айнұр Тұрсынбаева көп жыл бұрын жантүршіктірерлік жол апатына түссе де, қабырғасы қайыспаған Тамара Асардың мінезіне қайран қалатынын айтты.
Фото: instagram.com/tamara_assar_official/?hl=ru
Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.
Өмір бар жерде түрлі тағдыр бар. Тамара Асар – әнші, халық сүйіктісі, тағдыры қиын да ерекше жан. Қанша қиындыққа кез келсе де, қабырғасы қайыспай, еңсесін биік ұстаған жан. Ол небәрі 21 жасында жантүршіктірерлік жол апатына түскен.
Сол сәтте бір аяғы тізесінен бөлініп, көз алдында ұшқан. Әнші дүрбелеңге салынбастан, аяғын көліктің артқы бөлігіне тығып қойған. Жұрттың өзін өсектеп, бауырын кінәлағандарын қаламаған екен. Оның бұл қайсарлығына Айнұр Тұрсынбаева таң қалған-ды.
“Мен аяғымның ұшып бара жатқанын өз көзіммен көрдім. Аяғымдағы етігім су жаңа болатын. Аяғымды пакетке салдым да, тіземді тонмен жауып қойдым. Пакетті көліктің арт жағына салдым. Мұны не себепті жасағанымды түсіндірейін. Біздің тәрбиеміз осындай болды.
Ертең жұрт менің қиналғанымды өсектеп, жол апатына бауырымды кінәламасын дедім. “Жедел жәрдем” келе сала жан-жақтан аяғымды іздеуге кірісті. Көліктің арт жағынан іздеу олардың ойына келмеген. Ал мен оларға қайда қойғанымды айтуды ұмытып кеткенмін”, – дейді Тамара Асар бірнеше жыл бұрын берген сұхбатында.
Құрбы-құрдас болып ұзақ уақыттан бері сыйласып келе жатқан Айнұр оның бұл сұхбатын жуырда ғана оқыған екен. Ол Тамара Асардың қайсарлығына қайран қалғанын айтты.
“Тамара Асар сияқты мықты, рухты болу екінің бірінің қолынан келе бермейді-ау. Аяғы қақ бөлініп сынып, көз алдында ұшып бара жатса да қайыспау дегенді сөзбен жеткізе алмаймын.
Мұндай менің қолымнан келмес еді. Сәл шаршасақ “осы не өмір” деп жылап шыға келеміз. Сәл қиналып қалсақ “өмір сүргім келмейді” деп түңіліп кетеміз. Раббым, біздің әлсіздігімізді кешір. Барыма тәубе!” – дейді Айнұр Тұрсынбаева.
Әншінің бұл әрекетіне айтыскер ғана емес, желі қолданушылары да қайран қалды. Бастарындағы қиындықтарының түк емес екендіктерін айтып, өмірлеріне өзгеріс енгізуге уәде беріп жатты.
Жіберіп алмаңыз:
Айнұр Тұрсынбаеваның кеңесіне құлақ асқан әйел бала көтерген
Айнұр Тұрсынбаеваға үш рет шабуыл жасалды
Айнұр Тұрсынбаева: Қызым өсіп, үйде күнде айқай-шу
Айнұр Тұрсынбаева: Қарақат мектеп, Жазира салон ашты. Ал мен ше?