Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда полицейлердің цифрлық рейтингі енгізілмек

Қазақстанда полицейлердің бәсекеге қабілеттілігін анықтайтын цифрлық рейтинг енгізу жоспарланып отыр. Бұл рейтингте олардың білімі мен қызмет нәтижелері ескеріледі. Тәртіптік жаза алған жағдайда балл кемиді, ал біліктілікті арттыру курстарынан өткендерге қосымша ұпай беріледі. Бұл жүйе кадрлық шешімдер қабылдауда ескерілмек. Дегенмен кейбір ардагерлер бұл жаңашылдықты қолдамай отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: Көлік полициясы басқармасы

Қазақстанның ішкі істер министрлігі үздіктер мен артта қалғандарды анықтау үшін цифрлық рейтинг әзірледі.

Ішкі істер министрлігі кадр саясаты департаментінің қызмет өткеру басқармасы басшысының орынбасары Рүстем Балапановтың айтуынша, бұл рейтинг жоғары басшылық лауазымдарға кандидаттарды іріктеу үшін қажет. Рейтингті есептеу тәртібі арнайы бұйрықпен реттеледі. Ол қызметкердің жеке және қызметтік деректерін автоматты түрде жинақтау арқылы жүргізіледі. Қалыптасқан рейтинг полицейдің мансаптық өсуіне ықпал етеді.

Алайда ІІМ ардагері Александр Белянов бұл жүйенің қажетсіз екенін алға тартады. Оның пікірінше, министрлік рейтинг жасағаннан гөрі, оқу-жаттығу үшін жағдай жасауы керек. Бұл әсіресе ауылдық жерлерге маңызды.

"Оларда қарапайым душ кабиналары да жоқ. Көпшілік полицей маған келіп,  "Александр Петрович, департамент басшылығынан өтініп сұраңызшы. Егер душ болмаса, жаттығуларды кешкі уақытқа ауыстырсын. Біз жуынуға мүмкіндік таппай, жұмысқа жағымсыз иіспен баруға мәжбүрміз" дейді", – деп атап өтті ол.

Беляновтың айтуынша, полицейлердің жұмысы жиі сынға ұшырайды. Бұған құқық қорғау органдарының жабықтығы себеп. Ардагердің ойынша, ашықтық полицияның халық сеніміне ие болуына көмектеседі.

"Біз биік тікенек сыммен қоршалған қоршаулар қойдық. Ал Грузияға қараңыз. Біздің қаншама басшыларымыз сол жаққа барып келді. Ол жақта бәрі әйнектен жасалған, бәрі ашық", – дейді ол.

Сондықтан Белянов полиция бөлімшелеріне брондалған әйнек орнатуды ұсынады. Бұл ашықтық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Сонымен қатар ол полицейлерге халықты жау көрмей, керісінше, оларға жақын болуға шақырды.



Еске салайық, бұған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Данияр Бигайдаров брифинг барысында құқық қорғау органдарының қызметкерлерін жемқорлыққа бейімділігін тексеруге арналған тестілеу жайында айтып берді. тестілеу басталғанға дейін тестіленуші тұлға туралы мәліметтер оны арнайы есепке енгізу үшін ҚПК-ге (Құқық қорғау органдарының кадрлық басқару жүйесіне) жіберіледі. Бұл тәсіл құқық қорғау органдарына негізсіз кәсіби адалдықты тексеру жүргізуге жол бермейді дейді Антикордың ресми өкілі. 

Талқылау