Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Түрмеге ережесіз жекпе-жекке апарып, қорлап өлтірген": Әскерде көз жұмған сарбаз Алмас Шахимовтың анасы ұлының өліміне қатысты шындығын айтты

Алмас ШахимовВидеодан скрин

Алматы қаласындағы Ұлттық ұланның 5574 бөлімінде борышын өтеуге аттанып, екі айдан соң сол жерде көз жұмған 19 жастағы сарбаз Алмас Шахимовтың өлімі әлі күнге дейін көпшіліктің көкейінде сан сұрақ тудырады. Анасы Индира Тоғанбаева әділдікке жету үшін ештеңеден тайынбайтынын айтып, Stan.kz тілшісіне істің мән-жайын айтып берді.

Шабытпен кеткен жігіт екі айдан соң табытпен оралған

2003 жылы туған Алмас Шахимов Алматы қаласындағы Ұлттық ұланның 5574 бөлімінде борышын өтеген. Әскерге 2022 жылдың көктемінде Ақмола облысы Көкшетау қалалық Қорғаныс істері жөніндегі департаменті шақырған.

Ресми нұсқа бойынша 2022 жылғы 10 тамызда 5574 әскери бөлімінде борышын өтеп жүрген сарбаз оқу орталығында далалық жаттығуда болған кезде көз жұмған. Қатты жел салдарынан шатырдың темір жақтауы басына тиген.

"2022 жылғы 9 тамызда сағат 20:55 шамасында қатты дауыл көтеріліп, жел салдарынан сарбаздар орналасқан шатыр қалашығы бүліне бастаған. Қатардағы А.Н.Шахимов әріптестерінің қауіпсіз орынға шығуына көмектесіп жүріп шатырдан соңғы болып шыққан кезде, шатырдың темір жақтауы басына тиіп жарақат алған. Қатардағы А.Н. Шахимовқа жедел медициналық көмек көрсетіліп, санитарлық көлікпен Қонаев қаласындағы қалалық ауруханаға жеткізілген. Қалалық аурухана дәрігерлері сарбаздың қаза болғанын растайды. Қатардағы А.Н.Шахимов өзінің жанқиярлық әрекетімен жолдастарын құтқарып, өкінішке қарай өзі қатты соққыдан қаза болды", – делінген хабарламада.

Алайда сараптама жігіттің денесіндегі жарақаттар оның кісі қолынан қаза тапқанын растаған.

"Шабытпен кеткен балам екі айдан соң табытпен оралды. Баламды үш жерден пышақтаған, 26 дене жарақаты бар, арқасын темекімен күйдірген. Тіпті қылқындырған. Үш минутта дауыл болып өлді дейді. Үш минутта адам осындай жарақат алмайды. Күрке болса, басына бір рет қана құлар еді, оның бәрін зерттедік. Ешқандай дауыл болмаған, баламды сағаттап қорлап өлтірген. Бір жарым жылдан соң ұлымды қазып алдым. Өлтіргенде үстінде бір киім болған, ауруханаға апарғанда тағы бір киімде болған, сараптамада жүрген тағы бір киім, өлшемі сәйкес келмейді. Әскери бөлімдегі видеоны әдейі жоғалтып жіберді. Тергеушілер баламның киімін де жоғалтып жіберді. Эксгумация кезінде сынған мойын сүйегін сарапшы ұрлап кетіп, көзін құртты", - дейді анасы. 

Басты сотталушы 1 жылға сотталмақ

Сарбаздың ата-анасы сотқа қатысудан бас тартқан, себебі кінәлі деп тапқан командирді тек 1 жылға соттамақ. 

"Ұлымды ұрып өлтіріп, кейін дауылды күні үстіне шатыр құлап қаза болды деп хабар берді.  Қазіргі таңда ісіміз Қылмыстық кодекстің 453-бабы 2-тармағымен сотқа өтті. Сотталушы – Дәурен Байызбеков. Ол сол әскери полигонда басты командир, баламның тікелей командирі болған. Оның жазасы жеңіл болайын деп тұр. Ең болмағанда үш жыл да емес, 1 жылға соттайды немесе бір жылға шартты соттайды екен. Біз бұл бапппен келіспейміз деп ата-анасы мүлдем сотқа қатыспай қойдық. Алғашқы сот отырысы 13 қазанда болды. Одан кейін не болғанын білмеймін. Өйткені біз қатыспаймыз деп бас тарттық. Сотталушымен менің анам сөйлескен екен. Ол маған сарбаздардың барлығы дауыл болды деп айғақ беріп жатыр депті. Маған түк болмайды, сотталмаймын деп мақтанған түрі ғой. Әскери прокуратура Бас прокуратураға мәліметті бермеген. Жалғыз куәгер бар еді. Ол шетелге қашып кетті. Соны шақыртып, тергеуін талап еттім. Енді тергеу қайта басталды", - дейді анасы Индира Тоғанбаева.

Әйелдің айтуынша, Бас прокурордың орынбасары оны онлайн қабылдаған. 

"Қолымдағы бар дәлелді бердім. Менің ісімді аша алмайтын секілді. Өйткені сотқа өтіп кеткен деп сол күйінде қалдыратын секілді. Сондықтан аналар болып митингке шығып жатырмыз. Бәрі мені қолдап жатыр. Менің ісімді үш рет жапқан. Бұлар былықтары ашылмасын деп бәрін істейді. Егер шындық ашылса, офицер, полковник, генералдардың бәрінің басы кетеді. Сондықтан жылы жауып тастай ма деп ойлаймын", - дейді ол.

Түрмеге ережесіз жекпе-жекке апарған

Индира Тоғанбаева бірнеше адам Алмастың түрмеде өтетін ережесіз жекпе-жектен қаза болуы мүмкін екенін айтқанын айтады.

"Маған осы әскери бөлімде бұрын жұмыс істеген бір офицер жігіттерді ережесіз жекпе-жекке апарады деген еді. Оспанбеков, Шайқамалов деген офицерлер өте қатігез, жауыз адамдар деп айтты. Бірнеше әскери адам олардың әрекетін көріп, балаларды қорлағанға шыдамай жұмыстан шығып кеткен. Сіз балаңызды түрмеге жекпе-жекке апарды деп ойламайсыз ба, өйткені денесіндегі жарақаттары соған ұқсайды деді. Мен ол кісіге сенбедім, сөйлеспей қойдым, бұғаттап тастадым. Іс басқа бағытта кетсін деп айтып тұр ма деп сөйлеспей қойдым. Кейін ол кісінің телефон нөмірін жоғалтып, таппай қалдым.

Кейін сарбаздар жаза бастады. Бір күні автобуста бір жігітпен кездесіп қалдым. Ол маған жақындап, балаңызбен бірге қызмет атқарғанмын деді. Атын айтпады. Бір-ақ нәрсе айтамын деді. Ешқандай дауыл болған жоқ, біз естідік, сіздің балаңызды түрмеге апарып өлтірген, жекпе-жекке апарған деді. Сосын анама тағы бір сарбаз жазған. Сіздің немереңізді түрмеге апарып өлтірген депті. Басында біреу түрме десе, мен сенбейтінмін. Әдейі істі бұру үшін айтатын шығар деп. Бірнеше рет экстрасенске бардық, олар да солай айтты. Марқұмның жанын қатты қинаған, әскерилер шегіп, ішіп алып осылай істеген деді", - дейді ұлынан қапыда айырылып қалған ана.

"Бүйрегін езіп, бас сүйегін сындырып, темекіні арқасына басқан": Алматыдағы әскери бөлімде қаза тапқан сарбаздың эксгумация қорытындысы шықты


Қызметтестерін құтқарамын деп көз жұмды: Алматыда куәгерлер сарбаздың өліміне қатысты мән-жаймен бөлісті


Қорғаныс министрлігі не дейді

Алмас Шахимовтың анасы ресми органдар аналардың құқығын қорғамай отырғанын айтады.

"Бұл жерде үлкен кісілер отыр. Түсінесіз бе, жай офицер емес, үлкен лауазымды адамдар отыр. Мен Бас прокуоратураға ана жолы баламды ережесіз жекпе-жекке апарыпты десем, сен сол айтқан кісіні алып кел дейді. Мен оны алып келсем, сендер оның көзін жоқ қыласыңдар дедім. Сендер ана жалғыз куәгерді істен алып тастап отырсыңдар ғой. Оны үш жыл ешкім көрмеген, мүмкін оны да өлтірген шығар. Прокурор түрмеге өз адамдарымды жібердім деді де, бір жұмадан соң істі жеңіл баппен сотқа жібере салды. Анама шындықты айтқан сарбазды білсем де, оның есімін ешкімге айтпаймын, өйткені оны да өлтіре салады. 

27-сі тағы сот болады, бірақ мен оған қатыспаймын. Жаңағы әскериге ауыр жаза берсе, ол шындықты айтып қоя ма деп жеңіл жаза беріп жатыр. Бүгін бізді Қорғаныс министрлігі қабылдауы тиіс еді. Бірақ қабылдамай тастады. Бүгін оныншы күн. Президент аналардың мәселесін шешуге 12 күн берген еді. Олар сол бұйрықты бұзды. Олар неге созып отырғанын білмеймін. Әкімдіктен несиелеріңді жауып береміз деді, тағы бір көмек, жеңілдік ұсынды. Ол бізге не керек, бізге құқығымыз қорғалғаны керек. Біз қоймаймыз, тағы митингке шығамыз. Мейлі қамасын, соттасын, көрейік, мынау масқара ғой. Арызымыз Президентке жетпейді. Біреуіміз өлу керек шығар, сонда ғана қозғалатын шығар", - дейді күйінген ана. 

Кеше ғана Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов Қазақстан әскерінде әлімжеттік бар деген пікірді жоққа шығарды. Дәурен Қосанов журналисттер әскердегі өлім-жітім туралы сұрақ қойғанда тіпті күліп жіберді.

"Мен сіздерге шын айтам. Қазір ондай жағдай жоқ. Зорлау дейсіздер ме? Ондай фактілерді көрсетіңіздер. Дәлел көрсетпей, жай айта саласыздар. Камера орнатамыз, пресс-турлар ұйымдастырамыз, журналистерді айына бір рет болса да шақырамыз. Әскерде әлімжеттік (дедовщина) жоқ. Бірақ сіздер ондағы жігіттердің жастар екенін де түсінулеріңіз керек. Қоғамда да жастар бір-бірімен келіспей қалуы мүмкін. Әскер де – қоғамның бір бөлігі. Біз барлық тәртіптің сақталуы үшін барынша жұмыс істеп жатырмыз", - деді министр.

Айта кетейік, бұған дейін Алматыда қаза тапқан сарбаздың анасы әскерилердің істі жасыру үшін қандай қулыққа барғанын айтқан еді. 

Рая Мінәп
Сенбі, 22 Қараша, 2025 09:00
Талқылау