"Түрмедегі күйеуім үйімді сатып жіберген". Индира Елемес Тоқаевтан көмек сұрады
Фото: https://www.instagram.com/indiraelemes?
Танымал қазақстандық әнші Индира Елемес Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбектен көмек сұрап, әлеуметтік желідегі парақшасында бейнеүндеу жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Өнер иесінің айтуынша, оның бұрынғы күйеуі Иманмәди Қалелхан түрмеде отырғанына қарамастан, әншінің пәтерін сатып жіберген.
“Құрметті Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев! Құрметті Мәжіліс депутаттары, құрметті Бақытжан Базарбек мырза және еліміздің азаматтары!
Мен, Қазақстан Республикасының азаматы Индира Елемес сізге конституциялық құқықтарымды қорғау мақсатында жүгініп отырмын. Мен 2018 жылдан бері балаларыммен бірге Ile De France тұрғын үй кешенінде тұрып келемін. Мен жеке қаражатыма үш пәтер сатып алып, оларды жеке меншігіме рәсімдеуге рұқсат алғанмын. Бұл тұрғынүй кешенінің құрылысшысы — RAMS Corporation компаниясының еншілес ұйымы. 2024 жылғы қарашадан бастап экс-күйеуім Иманмәди Қалелхан қамауға алынып, қазіргі уақытта Алматы қаласындағы ІІМ ҚАЖК-нің №72 мекемесінде жазасын өтеп жатыр. Біршама уақыттан кейін мен балаларыммен бірге тұрып жатқан пәтерді құрылыс компаниясы 25 миллион теңгеге "қайта сатып алғанын" білдім”, – делі ол видеода.
Индира Елемес пәтерінің нарықтағы құны шамамен 120 миллион теңге екенін айтады.
“Компанияның құрылтайшысы Рамазан Бұлбұл бізді өз үйімізден қуып отыр. Олар өзара келісімді бұзып, 2025 жылғы 5 қыркүйекте мәміле жасаған. Бұл туралы мен жақында білдім. Қалайша қамауда отырған Иманмәди Қалелхан, менің пәтеріме ешқандай қатысы болмаса да, “Варрант инвест групп” ЖШС компаниясына келісімшартты бұзу туралы арыз беріп, 25 миллион теңгені қайтарып алған? Қамауда отырған адам мұндай арызды қалай жазады, әлде қол қойып, құжатты суретке түсіріп, компания басшылығына жіберген бе? Әлде ІІМ ҚАЖК-нің №72 мекемес оны бір күнге босатып, компанияға баруына рұқсат берген бе?”, – деді ол.
Сондай-ақ Иманмәди Қалелхан сот орындаушысымен келіссөз жүргізіп, әншінің көлігін нарықтағы бағасынан үш есе арзанға сатып жіберген. Бұған қоса әнші экс-күйеуінің Instagram әлеуметтік желісін тәулік бойы пайдаланып, оның абыройына нұқсан келтіретін жазбалар жариялап, оған және туыстарына қысым көрсетіп жатқанын айтты.
Индира Елемес бұл жағдайға байланысты полицияға бірнеше рет шағымданғанымен, полиция қылмыстық іс қозғаудан бас тартқан.
“Құрметті Президент! Сізден мені және балаларымды мемлекеттік органдардың әрекетсіздігінен және заңсыздықтардан қорғауыңызды сұраймын. Өйткені олар тергеу жүргізудің орнына, формалды жауаптар беріп, қылмыскерлерді жасырып отыр”, – деді әнші.
Айта кетейік, бұған дейін әнші күйеуінің өзінен 19 жас үлкен екенін айтқаны хабарланған болатын. Сондай-ақ ол “Қызықты weekend” бағдарламасында көпшілікті отбасымен таныстырып, балаларын көрсеткен еді.
"Ауруханалар толып қалған": Қазақстандықтар "белгісіз" вирустың таралуына жаппай шағымданып жатыр