Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Түркияға демалуға барған қазақстандық жұмбақ жағдайда ауыр жарақат алған

Фото: threads.com/@_rozgina25

Түркияға демалуға барған қазақстандық жұмбақ жағдайда ауыр жарақат алған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Threads қолданушысы Түркияға демалуға барған Алексей есімді қазақстандықтың басынан өткен оқиғаны бөлісті. Оның айтуынша, ер адам коктейль ішкеннен кейін өзін жайсыз сезінген. 

"Біздің Лёша көпшілік секілді достарымен демалуға барып, қыдырып, коктейль ішкен. Алайда күтпеген жерден көзі қарауытып, өзін жайсыз сезіне бастаған. Туыстары көмек көрсетуге тырысып, екпе еккеннен кейін, жағдайы біршама жеңілдеген. Демалыстың қалған күндерінде ол спирттік ішімдік ішкен жоқ. Дегенмен оның жағдайы қалпына келмеді", – делінген @_rozgina25 есімді қолданушының жазбасында. 

Кейінірек ер адам әуежайда есінен танып, ауруханаға жеткізілген. Жақындары құжаттармен жүгіріп жүргенде, ер адам есім жиып, белгісіз бағытта жалғыз өзі кетіп қалған көрінеді. 

“Оны өз бетімізше табу мүмкін болмады, сондықтан оған іздеу жарияланды. Кейін туыстарына оның табылғаны хабарланды, алайда денесінде биіктіктен құлаған адамға тән көптеген ауыр жарақаттар болды. Қазір ол ауруханада жатыр, екі аяғына ота жасалды, алда омыртқасына күрделі ота күтіп тұр. Оның аяқ саусақтары, екі аяғы, омыртқасы сынған, сондай-ақ көптеген соғылу мен жарақаттар алған”, – делінген жазбада. 

Threads қолданушысының айтуынша, сараптамада ер адамның қанынан ешқандай есірткі де, алкоголь де табылмаған. Ал ер адамға не болғаны, қалай жараланғаны әлі күнге түсініксіз күйде қалып отыр.

Еске салсақ, бұған дейін Түркияда қазақстандық әйелді қағып өлтірген адам 400 мың теңге айыппұлмен жазадан құтылып кеткені туралы жазған едік.

Дана Русланқызы
Сенбі, 27 Қыркүйек, 2025 19:49
Талқылау