Түркиядағы ірі жол апатында қаза тапқан отбасы мүшелерінің денесі Қазақстанға жеткізілді
Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Аланьяда қаза тапқан отбасы мүшелерінің денесі елге жеткізілгенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ресми өкіл қазір Түркияда осы жол апатына қатысты тергеу жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
“Қазақстанға отбасы мүшелерінің денелері жеткізілді. Қазір тергеу жүргізіліп жатыр. Екі көлік жүргізушісіне қатысты тексеріс жүреді. Жергілікті түркиялық компанияларымен келіссөздер жүргізіп, бағасы бойынша келістік. Біздің консул түркиялық құқық қорғау органдарымен тығыз байланыста”, – деді Айбек Смадияров.
Министрлік өкілі туристердің шетелде демалуындағы қауіпсіздігіне азаматтардың өздері жауапты екенін атап өтті.
“Олардың жанында әрқашан мемлекет қолынан ұстап жүре алмайды”, – деді Смадияров.
Еске салсақ, бұған дейін Түркияда ірі жол-көлік оқиғасынан белгілі журналист Арайлым Бағытжан екі жасар қызы және жұбайымен бірге қаза тапқаны туралы жазған болатынбыз.