Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Түркияда әйелдер бала қарап, үйде отырады". Каппадокияда тұратын отандасымыз тұрмысы, түріктер дәстүрі жайлы

Отандасымыз Жанифельдің Түркияда тұрып жатқанына он жылдың жүзі болған. Түркия азаматына тұрмысқа шыққан ол елдің дәстүрі мен оның ерекшеліктері, оған қалай үйреніскені, өмір сүру салты, қазақ дәстүрінен айырмашылығы жайлы Stan.kz редакциясына берген сұхбатында айтып берді.

– Жанифель, немен айналысасыз? Өзіңіз жайлы айтып беріңізші

– Орталық Түркияда Анатолия (Анадолы) деген өңірде тұрамын. Тарихи гидпін, Түркия бойынша экскурсия өткіземін. Каппадокияда тұратындақтан осы өңірімде экскурссия көбірек өткіземін, одан бөлек елдің солтүстік, оңтүстігіне де барып өткізіп жүремін. 

Негізгі кәсібім - экскурсия жүргізу, одан бөлек инстаграм парақшамда блог жүргіземін.

Атам Омск облысынан, оның әкесі де сол жақта тұрған. Ата-апаларым Сібір қазақтары, этникалық қазақтарға айналған. 

Мен өзім Астанада екі жыл тұрдым. 

– Жұбайыңызбен қалай таныстыңыз, отбасыңыз ұлтаралық некеге қарсы болмады ма?

– Туризм факультетінде оқып жүріп, Түркияға өндірістік тәжірибеге келдім. Ірі туристік оператор компаниясында күйеуіммен таныстым. Маған ешқашан түріктер ұнамайтын, түрікке тұрмысқа шығам деп ешқашан ойламайтынмын. Бір күні туристік автобусым жолда сынып қалып, күйеуім сол кезде көмектескен еді. Осылайша танысып, сөйлесіп кеттім. Әу баста түр келбеті жағынан ұнамады, бірақ өте шыншыл, адал көрінді. Ешқашан өтірік айтпайды, әсірелеп сөйлемейді. Өзім де сондай адаммын, сондықтан оның осы қасиеті маған қатты ұнады. Сөйлесіп жүрген кезде, ол өте мейірімді, адал боп көрінді. Бір ай сөйлескен соң маған үйленетінін айтты. 

– Әлі де үйреніспеген дәстүрлер бар ма?

– Бастапқы үш-төрт жылда ешкімнің қолын сүймейтінмін. Ал қазір кімнің қолынан сүйгім келеді, енем, үлкен ағам, күйеуімнің әпкелерінің, кімді жақсы көрем солардың қолынан сүйем, құрмет танытам. Маған кей құрбыларым дәстүрлерді қатты ұстанасың деп айтып жатады. Маған бұл ұнайды, жаныма жақын, балаларымның дәстүрлерді біліп өскені, көп туыстары бар ортада болғанын дұрыс деп есептеймін. Олар шәй, кофені қалай құю керек екенін, байрамға не сыйлау керектігін үйренеді.  Құрбан байрамда отағасы балаларға "байрамлык" жаңа заттар сатып алып береді. 

Мені ата-апам тәрбиелеп өсірген, олар менің өзге ұлтпен көңіл жарастырғаныма қарсы болған жоқ. Қазаққа күйеуге шықпайды деп ойлап жүрген екен. Түрік, мұсылман болғандықтан ешқандай қарсылық болмады, тіпта анам тарапынан да. Бірақ ағам, анамның ағасы, менің тәрбиеме үлес қосқан жан, той болғанға дейін ұзақ сөйлесіп, Түркияға көшуіме, түрікке тұрмысқа шығуыма қарсы болды.

Күйеуімнің туыстары да, ағасы, әпкесі қазақтан қыз алып жатқанына бастапқыда қарсы болған. Алайда кейін сөйлесіп, араласқан соң, мені ұнатып қалған. Қазір бәрі ойдағыдай.

– Түркияда сізге не нәрсе ұнайды, әлі де үйренбеген, ұнамайтын жақтар бар ма?

– Маған түріктердегі ұнайтыны, олар өздерінің дінінен ажырап кеткен жоқ. Осман империясы құлаған кезде, түріктер де қысымға ұшыраған. Ғасырлық дәстүрлері мыңжылдаған бойы сақталып келе жатқаны өте ұнайды. Мысалы, олар үлкендерді қатты қадірлейді, міндетті түрде үлкеннің қолынан сүю дәстүрге айналған. Құрбан байрамда кішкентай балаларға үлкендер ақша таратып береді, ал тойға микротолқынды пеш сияқты заттай емес, қомақты сыйлықтар: қаражат немесе алтын береді.

– Дәстүрлік ерекшеліктері қандай?

– Адамдары өте қонақжай. Бірақ қазақтармен бір айырмашылығы, олардың қонақжайлығы Еуропа стильде. Қазақтарда қонақ қай уақытта келсе де, шәй береді, сосын ет асады дегендей. Ал мұнда сізді таңертеңгі асқа шақырса, онда таңғы асқа келіп, содан кейін әдеп бойынша астан соң бір жерге шығып кетуің керек. Егер жақын дос, туыстарың болса, онда сізді кешке қалдыруы мүмкін.

Егер әйелдердің отырысына шақырса, онда күндізгі сағат 13:00-де келуің керек. Онда сені жақсылап тамақтандырады. Бірақ бұл дегеніміз үлкен дастархан жайылады деген сөз емес, сервис ретінде алдыңызға ащы, тұзды, дәмдісі, тойымды асы салынған тәрелке қойылады. Шәй немесе сусындар беріледі. Азан шақырылғанға дейін кешкі 5-те бәрі тарап кетуі керек. Себебі ол уақытта күйеулер жұмыстан келеді, балалар сабақтан қайтады. 

Егер сізді кешкі асқа шақырса, онда кешкі асқа барасыз. Ал егер кешкі шәй ішуге шақырса, онда үйден тамақ ішіп, кешке шәй ішуге баруыңыз керек. Онда сізге жаңғақ, тәттілер, пахлава мен шәй беруі мүмкін.

Түріктерде тағы бір ерекшелігі, құрбы, көрші әйелдер бір-бірінің үйіне кофе ішуге кіріп шыға береді. Ондай жағдайда мен келген қонақтарға тек түрік кофесін демдеп беремін. Тек кофе ғана беруіме болады немесе лукум, шоколад сияқты тәттілерім болса, соны ұсынамын. Басқа ешнәрсеге міндетті емеспін. Ал егер маған арнайы күйеуімнің туыстары немесе құрбыларым хабарласып, саған шәйға келейін деп едік десе, онда бұл шәйға тәттілер, торт, салат сияқты заттарды дайындауым керек дегенді біледіреді. 

Яғни түріктер қонақ күтуді нақты ажыратады. Осы арқылы үй иесін әурелемейді, психологиялық тұрғыда әйел де шаршамайды.

Тағы бір ерекшелік, кейде күйеуімнің әпке-сіңілдері үйге кешкі асқа қонаққа келеміз деп хабарласуы мүмкін. Бірақ кешкі асқа дейін төрт сағат бұрын келіп осы асты дайындауға көмектеседі. Бастапқыда маған бұл ұнамайтын, қазір үйреніп кеттім. Бәріміз кешкі асты бірге дайындаймыз.

Кейде түрік әйелдерінің ішінде көп өсек айтуға бейім екенін байқайм. Олар шетелдік қыздарды әңгіме қып отырады. Бірақ менің айналамда мейрімді құрбыларым өте көп. 23-25 жастан бастап, 45-60-ға дейінгі үлкен жастағы әйел құрбыларымның үйлеріне барып, әңгіме-дүкен құрамыз, ортақ қызығушылақтарымыз көп.

Бастапқыда шығыс менталитеті ұзақ уақыт бойы ұнамай жүретін, үйрене алмай жүрдім. Уақыт өте оның да өзінің жағымды жақтары бар екенін ұқтым.

Түріктерден тағы бір үйренгенім қазір барлық жерде саудаласып жүру болды. Пәтер жалдағанда, қонақүйге кірерде, базарда саудаласып жүремін. Әрине, садаласу әбепке жатпайтын жерлер де болады.

– Түркияда әйелдің рөлі қандай? Көбіне әйелдер немен айналысады?

– Түркияда жұмыс істейтін әйелдердің үлесі аз. Олардың категориясына: адвокаттар, мұғалімдер, дәрігерлер кіреді. 

Себебі де жоқ емес, Түркияда мемлекеттік балабақшалар жоқтың қасы. Ал жекеменшік балабақшалар өте қымбат. Бір балаға шаққанда шамамен 1500 лир болады. Бұл жәй қалаларда, ал мегополистерде бұл сома 2000-3000-ға дейін жетуі мүмкін.

Түркияда әйелде көп жағдайда үйде отырып, бала қарайды. Ал ер адамдар жұмыс істеп, бала шағасын асырауға шамасы жетеді. Тіпті киіндіріп, қыдыруға да қауқарлы. Мұның әрине, жақсы жағы бар. Балалар көңілі тоқ, көйлегі көк боп жүреді. 

Бір жолы Қазақстаннан құрбым келгенде, бір нәрсеге көңілім толмай отырдым. Сонда маған құрбым әбден тойыныпсың деді. Сол уақытта отанға барып, туыс, құрбыларыма кіріп шығуды жоспарлап жүргенмін. Құрбым Қазқастанға, Ресейге барғанда әйелдердің бәрінің жұмыс істеп жүргенін көресің деді. Шынымен де, біздің керемет үйлеріміз,табыс тауып жатқан күйеулеріміз бар. Мұндағы әйелдердің кафеде қыдырып, таңғыс ас ішіп, құрбылармен кездесуден қолдары тимейді. Әрине, одан бөлек, үй шаруасымен айналысамыз 

Бүкіл әлемдегі сияқты Түркияда да, тұрмыстық зомбылық бар. Бірақ айтарлықтай жиі кездеспейді. Бұл тұрғыда Италиямен, Канадамен салыстырғанда көп емес деп ойлаймын. 

Одан бөлек, блогымда мен түрік қыздарының бастан өткен оқиғаларымен бөлісіп тұрамын. Біздің, Кападокияда түрлі телехикаялар түсіріледі. Осы жердегі телехикалар түсірілген орындарға экскурсия жүргіземін. Түрік хикаяларының ішінде Kuzgun (Құзғын-ред.), Zümrüdü Anka (Феникс құсы-ред.)дегендер ұнайды.

– Қазақтың дәстүрлерін балаларыңызға сіңіресіз бе? Жалпы қазақ дәстүрлерінен қандай айырмашылықтарды байқадыңыз?

– Өз балаларыма тұсаукесер жасадым, оны міндетті түрде жасау керек деп есептедім. Бізде қыз ұзату жасайды, ал "қына түні" деген болады. Ол да ұзату сияқты.

Түріктерді өлімге, жаназаға қатысты өзіндік дәстүрлер бар. Мысалы, қазақтардағыдай кісі өлген үй шығындалмайды, тек шәй, кофе, қант таратады, керісінше басқалары азық-түлік алып береді.

Түріктер де қазақтар сияқты шәйқұмар. Бірақ олар сүтпен емес, қара шәйді кішкене стақандарына құйып ішеді. Одан кейін, олар жылқының етін жемейді, сондықтан Құрбан байрамда қой, сиыр сояда. Олар да етті алдын ала сүрлеп, дайындайды.

– Аралас неке кең таралған ба?

– Аралас некеге отыратындар көп және түріктер оны қалыпты қабылдайды. Алайда түріктердің көбі түрік қыздарын алғанды жөн көреді. Украина, татар, орыс қыздарына ғана емес, ағылшын қыздарына, неміс, болгарларға да үйлене береді.

Мәселен менің түрікке тұрмысқа шыққан филлипин құрбым бар, австарлиялық, америкалықтар да бар. Бәрі қыздың өзіне байланысты. Дәстүрді қабылдай алу керек, күйеуі мен оның отбасына құрметпен қарай алуы тиіс. Орталық Түркияда тұрсаңыз қанша жерден күйеуіңіз рұқсат берсе де, қысқа киіп, ашық жүре алмайсыз, себебі көшедегілердің бәрі сізге қарап отырады, өзіңізді ыңғайсыз сезінесіз. Осыны да түсіну керек.

 

Сұхбаттасқан: Назерке МҰСА

 

Талқылау