Түркияда кісі өлтіргені үшін тергеліп жатқан қазақстандық әйел экстрадициялана ма – Сыртқы істер министрлігі жауап берді
Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Түркияда кісі өлтірді деп күдікке ілінген қазақстандық әйелді экстрадициялау мүмкін бе деген сұраққа жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
"Ең алдымен бұл мәселе консулдық желі арқылы талқыланады. Екіншіден, егер адам қылмыс жасаса немесе қылмыс жасау күдігіне ілігіп, әлі тергеуде болса, онда экстрадициялау жайында сөз қозғалмайды. Үкім жарияланып, заңды күшіне енгеннен кейін ғана экстрадицияланады", - деді Айбек Смадияров министрлікте өткен брифинг барысында БАҚ өкілдерінің сауалына орай.
СІМ өкілі тергеу процесінің қанша уақытқа созылуы мүмкін екенін айта алмайтынын атап өтті.
"Сұрақты Түркияның құқық қорғау органдарына қою керек. Бұл мәселе олардың тергеуді қаншалықты жылдам жүргізіп, сотқа тапсыруына байланысты", - деді Айбек Смадияров.
Бұған дейін 31 тамызда Бурса қаласында 1993 жылы туған қазақстандық әйел түрік азаматын өлтірді деген күдікпен ұсталғанын, қазір тергеу жүріп жатқанын хабарлаған едік. Ұсталған қазақстандық қыз 2018 жылдан бері Түркияда тұрған.
"Ол қаза тапқан азаматпен бірге тұратын. Кезекті тұрмыстық ұрыс кезінде қыз оны пышақпен жаралап, мерт болған", - деп толықтырды СІМ.