Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Интернеттің арқасында «шекара» дегенді ұмыттық: киімнің өзін Түркия мен Германиядан алдыртамыз

"250+" бағдарламасының басталғанына 2 жылдан астам уақыт өтті. Осы уақыттың ішінде бірқатар ауылдарға интернет жеткені қуантады. Мәселен, бүгінгі күні Beeline байланысы 1500 астам ауылда бар екен. Алматы облысындағы Бозой елді мекені осы мың жарым ауылдың тізімінде. Шалғайдағы шағын ауылға интернет 2 жыл бұрын келген. Бүгінде ауыл тұрғындары ғаламтор арқылы сауда жасап, интернеттің бар қызығын көруде. Stan.kz тілшісі Бозой ауылына барып, тұрғындарымен тілдесіп қайтқан еді.   

Жамбыл ауданына қарасты Бозой ауылы Алматыдан 150 шақырым жерде орналасқан. Жоғары жылдамдықтағы интернет желісі ауыл азаматтарының сөзінше, 2021 жылы Beeline өз базалық станциясын орнатқан соң қолжетімді болды. Ауылға кіреберісте орналасқан мұнара шалғай ауылды сапалы интернетпен қамтып, өңірдің әлеуетін арттырған. Бүгінде ауыл азаматтары ғаламторды еш кедергісіз қолданып, әлеуметтік желі, мемлекеттік қызметтерді пайдаланып, сондай-ақ өздеріне қызықты, мәселен, сауда жасауға арналған түрлі сервистерге еркін кіре алады. 

Интернетті тек жұмыста емес, күнделікті тұрмыста да жиі падаланатын тұрғындардың бірі – мұғалім Айжан Қадырбаева. Айжан интернет-дүкендердің қызметін жиі қолданады. Тұрмысқа қажетті заттар мен киім-кешек сатып алып тұрады. 

Мұғалім Айжан Қадырбаева

"Өзіміз шалғай жерде тұрсақ та интернет-дүкеннен сабаққа қажетті көрнекіліктерді, тұрмысқа қажетті заттарды, киім-кешектерді де сатып аламыз. Тіпті Германия мен Түркия сынды елдерден киім сатып алып отырған тұрғындарымыздар да бар", – дейді ол.  

Ауылға жылдамдығы жоғары интернеттің қосылуы мұғалімдердің жұмысын жеңілдете түскені сөзсіз. 

"Бұрын Kundelik.kz-те бір пәнді толтыру үшін 5-6 сағат кететін, интернеттің жылдамдығы баяу болғандықтан жүктеліп болмайтын. Көп уақытымыз бостан босқа кететін. Ал қазір бір күндік сабақты 5 минутта-ақ толтырамыз", – деп сөзін жалғады Айжан.  

Бозой ауылына жолымыз түскен соң әкім орынбасары Сұлтан Әлиханмен де сұхбаттасып қайттық. Айтуынша, ауылда 300-ден астам адам тұрады және интернет барлығы үшін қолжетімді. Себебі бұған дейін Wi-Fi желісін орнату барлық отбасы үшін мүмкін болмапты.  

Әкім орынбасары Сұлтан Әлихан

"Wi-Fi ауылымызға 2020 жылдан бастап орнатыла бастады, бірақ барлық отбасыға қолжетімді болды деп айта алмаймын. Ал 2021 жылы Beeline операторының базалық мұнарасы қойылды. Осы оператордың абоненттеріне бірден 4G желісі қолжетімді болды. Сапалы интернеттің қосылуы мемлекеттік қызметкерлерге, мұғалімдер мен ауыл дәрігерлеріне, оқушыларға пайдасын тигізіп келеді. Мәселен, тұрғындарымыз үйден шықпай онлайн-курстарға қатысып, білімдерін жетілдіріп жүр. Арасында сол білімдерін тиімді пайдаланып, табыс тауып отырған отбасылар да бар", – деп мәлімдеді Сұлтан Әлихан. 

Сондай-ақ әкім орынбасарының сөзінше, интернетке қатысты ауылда екі проблема болған. Біріншісі, ауыл тұрғындарының репитерлерді көптеп пайдалануы, ал екіншісі – радиофобия. 

"Интернеттің ауылға келуі пандемиямен тұспа-тұс келген. Адамдардың барлығы үйде. Бір кездері, интернеттің тұрақсыздығына шағымдар түсе бастады. Мамандармен тексеріс жүргізіп көрсек, ауылдағы көп үйлер арзан қолды репитерлерді қосып қойған екен. Ертеректе, базалық станция жоқ кезде сатып алған көрінеді. Енді, шаң басып жатпасын, ақшаға келген дүние деп, кейбір тұрғындар пайдалана берген. Нәтижесінде, бір үйде интернет тұрақты жұмыс жасаса, көрші үйде мүлдем ұстамайтын. Репитерлердің мобильді оператордың базалық мұнарасының жұмысына кедергі келдіріп, соның салдарынан интернеттің жұмысы нашарлайтынан түсінбеген. Бірақ қазір жағдай дұрысталып келеді. Тұрғындарға репитерлердің зиянын айтып жүрміз", – дейді әкім орынбасары.

Ал енді радиофобияға келетін болсақ, өкініштісі, адамдар қауесет сөздерге, жалған ақпаратқа көп сенеді. Соның салдарынан жалпы Қазақстанда базалық станцияларды алып тастауды талап ететін адамдар бар. Ал базалық станция болмаса, дұрыс интернет те жоқ деген сөз.  

Мәселен, Beeline-ның мәліметі бойынша, 2022 жылы радиофобияның салдарынан 340 базалық станция бөлшектенген. Бүгінгі күні мобильді оператордың қоймасы бөлшектенген базалық станцияларға толып кеткен.  

белайнФото: Beeline Қазақстанның мұрағатынан

"2020 жылы оқышулар қашықтан оқуға ауыстырылған кезде, интернеттің жұмысы көңілімізден шықпай, байланыс ұстайтын жерде отыратынбыз. Шатырға шығып, отырған кездеріміз де болды. Базалық станция орнатылған соң бұрынғыдай қиналмаймыз. Қазір балалар да қажетті ақпаратты интернеттен іздейді. Ауылдың жолына бұрылған соң-ақ 4G желісі ұстайды", – дейді ауыл мұғалімі Шынар Масимханова. 

Мұғалім Шынар Масимханова

Ауылға сапар барысында Бозойдың кішкентай тұрғындарымен де тілдесіп көрдік. 8-сынып оқушысы Нұрлан Дүзелбаев интернет қосылғалы сабақ оқу да біршама жеңілдегенін жасырмады. Сөзінше, мектепте түсінбеген тақырыптарды ғаламтордан қосымша зерделеп, оқып алады екен. Бұдан бөлек, қашықтан түрлі олимпиадаларға қатысып, жүлдегер атанған.

Мектеп оқушысы Нұрлан Дүзелбаев

"Онлайн оқыған кезде қосымша ақпаратты интернеттен алатынбыз. Бұған дейін ғаламтордың жылдамдығы өте төмен болды. Сондықтан пандемия кезінде шатырға шығып, сабақ оқыдық. Қазір үйде отырып-ақ үй тапсырмаларын орындаймыз. Бос уақытымызда әлеуметтік желіні қолданамыз. Ғаламторды тиімді пайдаланған жанға тигізер пайдасы да мол", – дейді Нұрлан. 

Тағы бір оқушы интернет келгелі білім алу тәсілдері де өзгергенін айтады. Қазір балалар өздеріне тиімді жолмен тіл үйренуге кіріскен.

Мектеп оқушысы Жандос Ерғабыл

"Бұрындары – интернет жоқта – ағылшын тіліндегі тапсырмаларды аударудан қиналатынбыз. Сөздік іздеп, сосын тексті бірінші ағылшыннан орысшаға, сосын орысшадан қазақша аудару көп уақытымызды алатын. Ал қазір интернетті қосып қойып, телефонмен-ақ текстерді ағылшын тілінен тікелей қазақшаға аударатын болдық", – дейді мектеп оқушысы Жандос Ерғабыл. 

Естеріңізге сала кетсек, Ranking.kz деректеріне сәйкес, Қазақстан мобильді интернеті арзан 10 елдің қатарына кіреді. Бүгінгі күні ең көп абоненті бар, яғни 10 миллионнан астам абонентке  қызмет көрсететін, сонымен қатар Қазақстандағы ең ірі 30 салық төлеушінің бірі болып табылатын – ол Beeline Қазақстан. 2022 жылы компания 4200 жуық базалық станция орнатып, 1000  жуық ауылға LTE желісін қосқан. Нәтижесінде, 1 млн астам адам 4G желісін қолдануға мүмкіндік алған. Бүгінгі күні Beeline елімізде ең кең LTE қамтуы бар мобильді оператор. 

Талқылау