Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Түркістандық шаруалар қуаңшылықтың кесірінен жаппай малдарын сатып жатыр

Шаруалар жаппай малдарын сатып жатыр

Фото: Видеодан скрин

Түркістан облысының шаруалары қуаңшылықтың кесірінен қорадағы малдарын жаппай сатып жатыр. Олар төрт түлігі қыстан аман шыға алмай қала ма деп қорқады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Сайрам ауданындағы мал базарында ине шаншыр жер жоқ. Шаруалардың айтуынша, жаңбырдың аздығынан малға беретін шөп жоқ. Тұрғындар тіпті асыл тұқымды малдарын да сатылымға шығарған.

“Биыл жем-шөп бағасы екі есе қымбаттаған, мал бағасы да айтарлықтай өскен. Түркістан облысының ауылшаруашылық басқармасының өкілдері уайымдауға негіз жоқ деп отыр. Мәселенің бәрін министрлік шешеді”, – дейді шаруалар.

Түркістан облысының ауылшаруашылық басқармасының мәліметінше, алдағы уақытта мал азығын төмендету мақсатында Ауылшаруашылық министрлігіне “Азық-түлік келісімшарт корпорациясы” ҰК” АҚ арқылы қажет көлемде арзандатылған кебек бөлу және оны теміржол желісі арқылы облысқа жеткізу жағын қарастыру ұсынылды. Бұл өз кезегінде алдағы қыс маусымын қалыпты деңгейде өткізуге мүмкіндік береді”, – делінген хабарламада.

Министрліктің шаруаларға жем-шөпті қашан жеткізетіні әзірге белгісіз. Оған дейін малына азық тауып бере алмаған тұрғындар төрт түліксіз қаламыз ба деп алаңдайды.

Айым Болатқызы
Жұма, 08 Тамыз, 2025 08:45
Талқылау
`