Түркістан облысында туыстары мүмкіндігі шектеулі жігітті зорлады деп айыпталды: Сотта үш адам жауап беруде
Фото: time.kz
Түркістан облысындағы Келес ауданында мүгедектігі бар 24 жастағы жігітті зорлау ісіне қатысты даулы сот процесі жалғасып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Оtyrar.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Жәбірленушінің туыстары айыпталып отыр. Оларға 9 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін. Іс жабық режимде қаралып жатыр, алайда қоғам мен жәбірленушіге жақын адамдар соттан әділ шешім күтіп отыр.
24 жастағы жігіттің туыстарына зорлау дерегі бойынша айып тағылған. Тергеу бірнеше айға созылып, іс сотқа жолданған. Кеше бұл резонансты іс бойынша сот жарыссөздері өтті. Бірақ жәбірленуші тарап сот үкімі әділ шықпай қала ма деп алаңдаулы.
"Прокурор екі айыпталушыға тиісінше 9 және 7 жыл сұрады. Бірақ мен олардың ақталып кетуінен қорқамын. Соттың шешіміне күмәнім бар", – дейді жәбірленушінің анасы.
Анасының айтуынша, ұлы басынан өткенді айтуға тек биылғы наурызда ғана батылдық жинапты. Сол кезде шындық ашылып, тергеу басталған. Қазіргі уақытта үш күдікті қамауда отыр. Бірақ әйелдің сөзінше, қылмысқа алты туысы қатысқан болуы мүмкін. Алайда олардың бір бөлігі кәмелетке толмағаны немесе дәлелдің жеткіліксіздігіне байланысты жауапқа тартылмаған.
Жәбірленуші тараптың адвокаты Гүлайхан Тұрсуманова 121-баптың 2-бөлігі бойынша ең жоғарғы жаза 12 жыл болғанын айтады.
"Сондықтан біз дәл осы мерзімді сұрадық. Сот істі объективті қарады деп ойлаймын, барлық қажетті дәлелдер жиналған. Сондықтан әділ шешімге үміттіміз", – дейді адвокат.
Іс жабық режимде қаралып жатқандықтан, сот залында түсірілім жүргізуге тыйым салынған. Дегенмен "Сот кабинеті" жүйесіндегі мәліметке сәйкес бастапқыда процесті ашық форматта өткізу жоспарланған, бірақ кейін ол жабық отырысқа ауыстырылған.
"Іс Келес аудандық сотында ашық сот отырысында қаралуға тиіс. Айыпталушыларға қатысты қамауда ұстау бұлтартпау шарасы өзгеріссіз қалдырылсын", – делінген құжатта.
Жәбірленуші тараптың айтуынша, айыпталушылар сотта кінәсін мойындамаған. Енді екі жақ та үкімнің жариялануын күтіп отыр.
Таразда 22 жастағы жігіт өз анасын зорлады деген күдікке ілінді
Еске салайық, бұған дейін Түркістан облысында мүгедектігі бар 24 жастағы жігітті әкесінің туыстары 14 жыл бойы зорлап келгені анықталды. Анасының арызынан кейін іс облыстық полиция департаментінің бақылауына алынып, күдіктілердің бірі қамауға алынды. Оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырды.

"Студенттердің шәкіртақысында несі бар": Қазақстандықтар шетелде оқитын жастарға салық төлету туралы ережені сынға алды
