Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Әдепсіз әрекет": Мұғалім Алматы әуежайында айтқан әзіл үшін жұмыстан босатылды

Фото: PonyWang / Getty Images

Түркістан қаласындағы білім беру ұйымының бірінде жұмыс істеген мұғалім "әдепке қайшы іс-әрекет жасағаны үшін" жұмыстан босатылған. Бұл шешімге Алматы қаласының халықаралық әуежайында болған оқиға себеп болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Әуежайдағы қауіпсіздік қызметі тексеріс кезінде мұғалімнің сөзін қоғамға қауіп төндіруі мүмкін деп қабылдаған. Осыған байланысты оған Қылмыстық кодексінің 273-бабы (Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Алайда кейінірек желілік полиция бөлімі істі қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатқан.

Мұғалім Е сотқа шағымданып, жұмыстан босату туралы бұйрықты заңсыз деп тануды сұрады. Ол тәртіптік комиссияның бейтарап болмағанын, өз түсініктемесінің ескерілмегенін және қылмыстық іс ресми тоқтатылмай тұрып, еңбек шартын бұзу шешімі қабылданғанын атап өтті.

Талапкер соттан еңбек шартын бұзу туралы бұйрықты заңсыз деп танып, жұмыстан босатудың негізін "тараптардың келісімі бойынша" деп өзгерту, еңбек кітапшасына түзету енгізу және моральдық зиянды өтеуді сұрады.

Сот талқылауы барысында татуластыру рәсімдерінің нәтижесінде тараптар өзара келісімге келді. Сот татуласу келісімін бекітті.

Келісімге сәйкес, білім беру ұйымы еңбек шартын бұзу туралы бұйрыққа және "Еnbek.kz" платформасындағы, сондай-ақ мұғалімнің еңбек кітапшасындағы жазбаларға өзгерістер енгізуге міндеттелді. Тараптар міндеттемелер орындалғаннан кейін бір-біріне шағым қоймауға келісті. Сот ұйғарымы заңды күшіне енді.


Алматыда шетелдіктер террорлық акт жасамақ болған


"Шетелдегі ұйымдармен байланысып елде насихаттаған": Террористік қылмыс жасағаны үшін 7 қазақстандық сотталды


Еске салайық, бұған дейін Алматы әуежайында ұшақта бомба барын айтқан жасөспірімнің әрекеті 20 млн теңгеге жуық шығын әкелуі мүмкін екенін жазған едік. Оқиға Алматы халықаралық әуежайда болған. Салдарынан FlyArystan әуе компаниясының FS7121 рейсі 2 сағат 44 минутқа кешігуге мәжбүр болған. 

Айым Атамбаева
Дүйсенбі, 03 Қараша, 2025 15:59
Талқылау