Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Түркістанда шұғыл ота жасау үшін жылдамдықты асырған дәрігерге салынған айыппұлдың күші жойылды

Видеодан скрин

Түркістан соты науқасының өмірін құтқару үшін жылдамдықты асырған дәрігерге салынған айыппұлдың күшін жойды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Түркістан облыстық сотының мәліметінше, дәрігер асқынған “миокард инфаркті” диагнозы қойылған науқастың жүрегіне шұғыл ота жасауға бара жатқан. Сол сәтте полицейлер көліктің алдыңғы терезелеріне перде орнатқаны үшін оны тоқтатып, хаттама толтырған.

Жағдайды айтып түсіндірген дәрігерге тәртіп сақшылары қызметтік көлікпен сүйемелдеп жүруді ұсынған. Полицияға еріп бара жатып жылдамдықты асырған дәрігердің көлігі камераға түсіп қалған.

Сот дәрігердің жасаған отасын ескеріп, жылдамдық үшін салынған айыппұлдың күшін жойды.

"Сот азамат У тарапынан белгіленген жылдамдықты асырып көлік құралын басқару  әрекеті өзге адамның өмiрiне, денсаулығына, тiкелей қатер төндiретiн қауiптi жою үшiн аса қажеттiлiк жағдайында орын алған деп, әкімшілік полиция басқармасының айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқаманың күші жойып, іс жүргізуді тоқтатты”, – делінген хабарламада.

Көлік терезесіне орнатылған пердеге салынған айыппұлды дәрігер ерікті түрде төлеген.

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 23 Қыркүйек, 2025 20:57
Талқылау