Түркістанда "күйеу жігіті" алып қашқан бойжеткен қандай қорлық көргендігі жайлы айтып берді
Түркістандық бойжеткен әділдік іздейді. Алып қашу мен зорлықтың құрбаны болған 20 жастағы азаматша ар-намысымды аяққа таптаған кінәлі адам жазадан құтылып кете ме деп алаңдайды. Оның білуінше бұл іске қатысы бар тағы бірнеше адам тергеуден тыс қалған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Астана" арнасына сілтеме жасап.
Бет-жүзін көрсетпеуді өтінген бойжеткен, өзін бейтаныс жігіттер 3-желтоқсан күні алып қашқанын айтты. Таңертең жеңгесімен оқуға шыққанда, көлікке басып салып, әкетіпті. Әуелі көрші Кентау қаласына апарып, көнбегесін Шымкенттегі туыстарының үйіне күштеп кіргізді дейді ол. Қарсыласқанына қарамастан сол жерде арам ойын да жүзеге асырды деп отыр.
"Отырған кезімде бірден тап берді маған. Түнгі сағат бір екілерде «сені өлтірем, егер сондай болмаса. жыныстық қатынасқа түспесең" деп айтты. Маған уже тап беріп қойған, менің алдымда соны айтып жатыр. Одан кейін мен айқайладым. Оны ұрдым. Көмек шақырдым, көмектесіңіздерші деп, сыртта жеңешелері отырған екен. Одан кейін ол жыныстық қатынасқа күштеп тартты", - деді жәбірленуші.
Бойжеткен өзіне ешкімнің араша болмағанына күйінеді. Қайта көндіріп әлек болды. Тіпті қорқытып, видеоға «өз еркіммен келдім» деп түсіріп алды,- дейді. Бірақ ол артынан келген анасына танымайтын, әрі өзіне күш қолданған жанмен өмірін қосақтай алмайтынын айтып үйіне қайтқан. Бірден полицияға арыз тастапты. Бірақ іс содан бері созбалаңға салынып келеді,- деді бойжеткен. Ал "адам ұрлап", "зорлаған" жігіт кепілмен босап шыққанын түсіне алар емес.
"Біздің полиция Түркістандағы полициялар ешқандай іс жүргізіп жатқан жоқ. Кешірім сұрап кеп жатыр. бриллиант тағамыз, үйтеміз бүйтеміз деп кеп жатыр. Не істесең істе дейді, ақшам көп, ақшамен сатып алам бәрін дейді",- деп күйінді зорлықтың құрбаны болған бойжеткен.
Алып қашу мен зорлықтың құрбаны болған бойжеткеннің арызы тиісті деңгейде қаралып жатпағанына белгілі заңгер Айгүл Орынбек те сенімді.
"Қылмыстық істі созбалаңға салу үшін әр экспертизаны уақыт өткізіп тағайындап отыр. Бұл біздің полиция қызметкерлерінің, тергеушілерінің үлкен қателігі және бұл жерде куәгер болып күдіктіден үш жігіт куәгерге айналып кетіп отыр. Және маған бір түсініксізі бұл ауыр қылмысқа жатады зорлық, неге кепілдікке шығып отыр?! Осы да үлкен сұрақ белгісін туындатып отыр", - деді заңгер Айгүл Орынбек.
Ал Түркістанның полиция департаменті бұл іске қатысты жазбаша жауап берумен ғана шектелді.
"Аталған жайт бойынша зорлау және адам ұрлап баптарымен іс қозғалған. Күдікті 1996 жылғы ер адам. Сот шешімімен күдікті азамат "кепілмен" босатылған. Сараптамалар қорытындысы бойынша зорлағаны расталды. Сондай-ақ осы оқиғаға қатысы болуы мүмкін деген тағы да 3 ер азаматқа қатысты тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде. Аталған жайт бойынша 04.12.2019 ж. Түркістан қаласы ПБ қызметкерлерімен ҚР Қылмыстық Кодексінің 120-бабы 2-бөлігі (зорлау) және 125-бабының 2-бөлігі (адам ұрлау) бойынша тіркеуге алынып, іс қозғалған. Бұл жайтқа күдікті ретінде 1996 ж.т. ер адам ұсталып, тексеру жүргізілді. Сот шешімімен күдікті азамат "кепілмен" босатылған. Сонымен қатар сараптамалар тағайындалып, олардың қорытындысы бойынша зорлау жайты расталған. Сондай-ақ бүгінгі таңда осы оқиғаға қатысы болуы мүмкін деген тағы да 3 ер азаматқа қатысты тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде", - делінген ресми хабарламада.
Полиция алып қашу операциясының басы қасында болған үш жігітке қатысты заң шеңберінде шешім қабылданатынын хабарлады. Алайда етегі жасқа толған бойжеткен бұл жәйтке қатысты жігіттің жеңгелері де жауапқа тартылуын сұрайды.

Қазақстандық блогерлер "лотереяға" тыйым салатын заңды айналып өтудің жолын тапты
