Түркістан тұрғыны: Күйеу баламның көрші әйелмен кездесетінін білген соң қызым қатерлі дертке шалдығып көз жұмды
Олар өзге емес, өз әкелерінен қорлық көріп отыр. Қолмен тартқан шапалақ былай тұрсын, тіпті таңның атысы, кештің батысы қамауда отырады. Өгей ананың өгейлігінен балалар кей сәттерде аш жүруге мәжбүр. Қолға тиген таяқпен тартып қалатын ата-ананың бұл қылығы не масқара? Бұл тәрбие ме? Әлде туған ұрпағын таптау ма?
Бұл туралы "Пендеміз ғой" бағдарламасында айтылды.
Гүлбахор Тоқташова Түркістан облысында тұрады. Айтуынша, қызы Алдабергенова Шахназа 2012 қатерлі ісікпен ауырып, 2013 жылы көз жұмды. Артында қалған бала-шағасы әкесімен қалған. Алайда өгей анасы да, туған әкесі де күн көрсетпей келеді.
"Күйеу балам қызымды тірі кезінде маған әкеп тастады. Ауырып жатыр, өздерің емдеңдер деді. Ертең өлсе, көметін жер жоқ. Мазардан орын бермеді деді. Бала-шағасымен бірге әкеп тастады. Қызымды дәрігерге апардым. Үйде бір жыл жатты. Химия алды. Балаларын өзім қарадым. Ауруханада жатқанда өлсем, балаларымды әкесіне берме деп жылады. Ол балаларға қарамайды, күн көрсетпейді деді. Өлерінде кәлима айтып жатып, балаларымды өзің қара деп кетті. 2013 жылы қайтыс болды", - деді анасы.
Анасының айтуынша, күйеу баласы әйеліне де, бала-шағасына да дұрыс қарамаған. Әйелі бар бола тұра көршісімен кездескен. Оған шыдамаған жары күйзеліске түсіп, ақыры ауыр дертке шалдығыпты.
"Күйеу балам қызымның тірі күнінде-ақ көрші әйелмен кездескен. Қызым оны қызғанамын деп ауру болып қалды. Сол әйелге қызымның жылы өтпей жатып үйленді. Ол әйел күйеуімен ажырасқан. Оның үш баласы бар. Менің жиендерім бар, бәрі бір үйде тұрып жатыр. Қызым қайтыс болған соң бала-шағасын алып кетті әкесі. Соттастық. Сотта ағайын-туысын салып, пара беріп балаларын тартып алды. Бірақ өзі де, өгей шешесі де балаларға дұрыс қарамайды. Әйелінен туған балаларды да ұрады. Менің көзімше-ақ ұрады. Жетім көреді. Итке беретін жуынды береді. Оқтаумен ұрады. Таяқтап ұрады. Оның бәрін көзіммен көріп, шыдамаған соң көмек сұрап келдім", - деді нағашы әжесі.
Балалар туған әкесінің де, өгей шешесінің де таяқтың астына алып, бас-көз демей ұратынын мойындады. Денесі көгеріп жүретін кездері болады. Нағашы әжесі полицияға талай арыз жазған. Балалардың мұңын айтқан. Өзіне беруді талап еткен. Алайда істі жауып, өтінішін ескерген ешкім болмапты.
"Талай рет арыз жаздық. Ешкім адам көрмейді. Ешкім елемейді. Арызды қабылдамайды. Істі тоқтатып тастайды. Басқа қайда барарымды білмеймін. Әбден күйінген балаларым асылып өлуге шақ қалды", - деді Гүлбахор Тоқташова.
Бағдарлама қонақтары, заңгерлер мен сарапшылар бұл істі қайта қарау керек екенін айтты. Комиссия құрып, айғақтар жинап, сотқа арыз жазып, балалардың құқығын қорғауды талап етті. Бала жәбір көрген әкеден нағашы әжесіне берілуі керек деген пікір айтты. Бұл істе психолог, заңгер мамандар көмектесуге уәде берді.

"Шетелде билетсіз, қонақүйсіз далада қалдым": Қазақстандықтар авторлық тур сатып аламыз деп 2 млн теңгеге дейін қаражаттарынан қағылған
