Жүкті болып қалған: Шымкенттегі психикалық орталықтың қызметкерлері науқас қыздарды зорлады деп күдіктелуде
Түркістан облыстық психикалық денсаулық орталығында емделіп жатқан қыздарымызды қызметкерлер зорлады деген ата-аналар әділдік іздейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Видеодан скрин
Түркістан облысының тұрғыны үш айдан бері әділдікке қол жеткізе алмай жүрмін дейді. Бес баланың анасы 2021 жылы перзенттерінің бірінде шизофрения диагнозы барын білген. Содан бері қызын психикалық денсаулық орталығына жатқызуға мәжбүр. Келіншек балам орталықтан емделіп шығады үміттенсем, жүкті болып келді деп етегі жасқа толып отыр.
“Қызым жындыханадан келгелі құсып, бүктеліп жата беретін болды. Кейін менің қызыммен бір палатада жатқан науқас бойжеткеннің ағасы іздеп келді. Орталық қызметкерлері қарындасын зорлағанын, менің де қызымды қорлағанын айтты. Алғашында сенбедім. Ол кісіге ұрысып, қарсылық білдірдім. Содан соң қызымды ертіп дәрігерге бардық. Сөйтсем қызымның ішінде екі жарым айлық сәби бар екен. Мен қызымды ол жерге зорласын деп емес, емделсін деп жібердім ғой?!”, – дейді жәбірленушінің анасы.
Етегі жасқа толған әйел бойында бала барын білгесін қызының жүйкесі одан әрі тозып кеткенін айтады. Қолына түскенді сындырып, ашуға булыққан қызды қайта орталыққа апарудан бас тарттым деді. Ауруға ауру қосып берген жандар бөтен емес сол жердің қызметкерлері екеніне сенімді.
“Екі санитар қызымды камера жоқ жерге апарып қорлап келген екен. Шатырға, баспалдаққа, теледидар бөлмесіне апарып зорлаған. Егер айтқанына көнбесе ұрып-соққанын айтады. Жасарын жасап, бейкүнә қызымды қорлаған олар әлі де жазаланбай жүргеніне ашынамын. Полиция арызымды араға апта салып қабылдады. Кімге сенерімді білмеймін. Құқығымды қорғайды деген құзырлы орган екі айдан бері қимылсыз отыр. Перзентімді емдейді деген психологиялық орталық мамандар қорлап жіберген”, – дейді жәбірленушінің анасы.
Жындыханадан жүкті болып келді деген бойжеткен кәмелет жасына да толмаған. Бойына бала біткенін білгелі жүйкесі жұқарған ол жасанды түсік жасатыпты. Түркістан облысының психикалық денсаулық орталығында қорландым дегендер қатары мұнымен бітпейді. Құбармын деген тағы бір қыздың анасы полицияға арызданғанымен өзгерген ештеңе болмады дейді.
“Түн ауғанда қыздарды алып кетіп, қол-аяқтарын байлап, дәрі егеді екен. Сөйтіп, бірнешеуін қорлап келген. Шағымданса, психикалық ауытқушылықтарын алға тартып, құтылуға дайын тұр. Бірақ, біреуінің жүкті болғаны-ақ дәлел емес пе? Біз осыны айтып полицияға шағымдандық. Бірақ бізді қорғайтын ешкім жоқ сияқты. Жаздан бері арызды қабылдамай, екі ай бұрын ғана алды. Оның өзінде тергеу жүргізіліп жатқан жоқ”, – дейді тағы бір жәбірленушінің анасы.
Орталықтағы бұл сұмдық туралы мекеме басшылығы пікір білдіруден бас тартты. Ал, құзырлы орган өкілдері “зорлау” бабымен қылмыстық іс қозғалып, сараптама жасалып жатқанын жеткізді.
“Аталған іс бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тиісті сараптамалар өткізілуде. Нәтижесі бойынша процессуалды шешім қабылданатын болады” дейді Шымкент қаласының ПД.
Айта кетейік, қос науқас та қазір психикалық денсаулық ортағында емес, үйінде жатуға мәжбүр. Тергеудің басталуын күткен олар қыздарына қорлық көрсетті деген санитарлардың әлі күнге дейін сол қызметінде жүргенін айтады.
Еске салсақ, осыған дейін Павлодарда асырап алған қызын он жасынан бастап зорлаған орманшы өзін өзі атып өлтіргенін жазғанбыз.