Түркістан облысында шәкірті 42 елден шақырту алған ұстазға көлік берілді
Түркістан облысының әкімі Дархан Амангелдіұлы ұстаздардың кәсіби мерекесіне орай мұғалімдерді құттықтап, сый-сияпат тарту етіп, сыйақы берді. Олардың ішінде география пәнінің мұғаліміне су жаңа көліктің кілтін табыс етті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: gov.kz
Өңір басшысы ұстаздар мерекесіне орай ұйымдастырылған іс-шараға қатысып, мұғалімдерге сый-сияпат жасады. Ол республикалық, облыстық олимпиада және спорт жарыстарының жеңімпаздарын дайындаған 30 мұғалімге өз атынан марапат ұсынып, арнайы сыйлықтар табыстады. Оның ішінде 10 ұстаз “Алтынсарин” төсбелгісі мен 20 педагог “Құрмет грамотасын” алып, оларға 200 мың теңге көлемінде ақшалай сыйақы берілді.
Сондай-ақ облыс басшысы Дархан Амангелдіұлы шәкірті 42 елден шақырту алған “Түркістан Білім-инновация” лицейінің география пәнінің мұғалімі Бастами Арғын Ержанұлына облыс атын елімізден бөлек, әлемге танытқан ерен еңбегі үшін көлік кілтін табыстады.
“Мұндай сыйлық аламын деп ойламадым. Әдетте, барлығына сертификаттар мен марапаттар табысталады. Шынымды айтсам, мен әлі көлік жүргізуді білмеймін, бірақ көп рахмет! Біздің еңбегіміз бірінші рет осылайша жоғары бағаланып отыр”, – дейді Түркістан білім-иннвация лицейінің география пәнінің мұғалімі Арғын Бастами.
“Бұдан бөлек, облыс әкімі оқушылары республикалық олимпиаданың жеңімпаздары, өзі іскер, белсенді, облыстық, республикалық байқаулардың жүлдегері Төлеби ауданы, Қосан Мамытов атындағы мектебінің биология пәнінің мұғалімі, 6 баланың анасы Нұрилла Баймаханқызына ноутбук сыйлады”, – делінген хабарламада.
Айта кетейік, Түркістан облысында жастарға жалпы саны 85 112 педагог білім беріп келеді.