Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Түркістан облысында достар видео үшін жігітті автокөлікке арқанмен байлап, сүйреген

Түркістан облысында автокөлікке жігітті арқанмен байлап, сүйреген. Видео әлеуметтік желіде тарап, полиция назарына ілікті. Нәтижесінде көлікпен досын сүйреген жүргізуші жауапқа тартылды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Түркістан облысының патрульдік полициясы әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында, "Инстаграмдағы" парақшалардың бірінде бір топ жас жігіттердің теріс қылықтары анықтады.

“ВАЗ-2114" маркалы Ресей автокөлігімен белгісіз жас жігітті сүйреген достар арасында қандай да бір ойын ұйымдастырылып, оны бейнежазбаға түсірген. Орын алған құқық бұзушылықты жасаған, авариялық жағдай туғызып, сондай-ақ жолаушы тасымалдау қағидасын бұзған жүргізушіні табу мақсатында тәртіп сақшылары бірден іске кірісіп, жан-жақты тексеру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде оқиға Түркістан қаласындағы көшелердің бірінде орын алғаны айқындалды”, –  деді облыстың полиция департаментінде.

Жол қозғалысы ережесін өрескел бұзған жігітке қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 593-бабы 1-бөлігі "Жолаушылар мен жүктерді тасымалдау, жол жүрісі қағидаларында көзделген қауіпсіздік белдіктерін немесе мотошлемдерді пайдалану жөніндегі талаптарды сақтамау" және 606-баптың 1-бөлігі "Жол жүрiсiне қатысушының жол жүрiсi қағидаларын авариялық жағдай туғызуға әкеп соққан бұзушылығы" бойынша хаттама түзілді.

Кінәлілер жасаған әрекеттері үшін өкініп, алдағы уақытта мұндай бассыздықтарға жол бермейтінін айтты. Жүргізуші түркістандық, ал жанындағы достары Тараз қаласының тұрғындары екені белгілі болды.

Түркістан облысының полицейлері автокөлік иелерін жол қозғалысы ережелерін сақтауға шақырады.

“Жол қозғалысы ережелерін бұзудың соңы, жүргізушілер мен жолаушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан жолда жүргенде ережеге бағынып, қауіпсіздікті сақтауларыңызды сұраймыз. Осы орайда кейбір жүгенсіз жастарға ешбір мән-маңызы жоқ ойындарды жасамауға кеңес береміз”, – деді ведомствода.

Талқылау