Бес баласы бар: Түркістан облысында оқушыға азғындық жасаған дене шынықтыру пәнінің мұғалімі сотталды

Түркістан облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Ғани Құлдасов. Информбюро сюжетінен скриншот
Түркістан облысында жасөспірімге сексуалды сипаттағы әрекет жасаған дене шынықтыру пәнінің мұғалімі 12 жарым жыл жаза арқалады. 38 жастағы азамат білім беру саласында өмір бойына жұмыс істеу құқығынан да айырылды. Бұл туралы Информбюро порталына сілтеме беріп Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оның кінәсі сараптама қорытындысы, айғақтар мен куәгерлердің жауабынан кейін толық дәлелденді. Бірақ бес баланың әкесі кінәсін сол күйі мойындаған жоқ. Сұмдық оқиға биыл мамыр айында Келес ауданында болған еді. Қызды ауыл сыртына алдап апарған мұғалім арам ойын іске асырған еді. Шошып келген оқушы болған жайды жақындарына айтып, артынша полицияға арызданған.
“Ол маған “сені жақсы көремін” деді. Содан кейін құшақтап, сүйді, кеудем мен аяғымды ұстады. Мен оны итеріп жібердім”, – дейді жәбірленуші.
Қыздың анасының сөзінше, сотталушы қыздың өтпелі кезеңді бастан өткеріп жатқанын пайдаланған.
Осыдан кейін 16 жыл бойы мектепте ұстаз болған ер адам күдікке ілініп, қамауға алынды.
Айта кетейік, соңғы сот отырысына жәбірленушінің туыстары келген жоқ.
“Кездесуге шақырғаныңыз бойынша кіріс-шығыс қоңырауларын, кім хабарласты, қоңырауды кім қабылдады солардың бәрін зерделеп, сот осындай шешімге келіп отыр. Одан бөлек сіздің әрекетіңізде нақты азғындық әрекеттер болған. Яғни жәбірленушіге қатысты құшақтау, ұстау, үйкелеу нақты азғындық әрекеттер деп танылды”, – деді Түркістан облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Ғани Құлдасов.
Оның апелляцияға шағым түсіретіні әзірге белгісіз. Сот изоляторда өткізген әр күнін бір жарым күнге теңестірді.
Қылмыскер 16 жыл бойы дене шынықтыру пәнінен сабақ берген, бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған, үйленген, бес баланың әкесі. Темір торға тоғытылған ол кәмелетке толмағандармен жұмыс істеу құқығынан өмір бойы айырылды.
Ал жәбірленуші қыз оқиғадан кейін тұйықталып, сөйлесуді де, тамақ ішуді де қойған. Онымен психологтар жұмыс істеді, ал оқу процесі онлайн форматқа ауыстырылды.