Түркістан облысында ұсақ малдан сібір жарасы анықталды
Түркістан облысындағы Шақпақ баба елді мекенінде ұсақ малдан сібір жарасы анықталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Шақпақ баба елді мекенінің ұсақ малдарын бақташы ауылдан 4-5 шақырым жерде бағып жүрген. Соның ішінде 7 айлық тоқты сібір жарасын жұқтырған деген күдік болған. Мамандар тарапынан жүргізілген сараптама ұсақ малдың сібір жарасын жұқтырғанын растады.
"Орын алған ошақтағы 504 бас уақ малмен 1 бас жылқыға вакцина және 60 000 мың мл глюзамин залалсыздандыру препараты бөлініп, елді мекеннен 4 шақырым қашықтықтықта орналасқан 1000 шаршы метр қоражай аумағына бүрку арқылы дезинфекция жұмыстары жүргізілді. Ауыл тұрғындары және ауыл шаруашылығы жануарлары арасында "сібір жарасы" ауруының белгілері тіркелмегенін, облыс көлемінде эпизоотиялық жағдай тұрақты екенін хабарлаймын", – делінген Түркістан облыстық ветеринария басқармасының хабарламасында.
Еске салсақ, бұған дейін Ақмола облысында 12 адам сібір жарасын жұқтырып, бір ауылдың карантинге жабылғаны туралы жазған болатынбыз.