Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Түркістан облысында үйлері суға батқан жұрт аудан әкімін ұруға дейін барды

Түркістан облысында су астында қалған ауылдардың тұрғындарына материалдық көмек көрсетіледі. Бұл туралы мемлекет басшысы мәлімдеген болатын. Қазіргі таңда 20 мыңға жуық азамат өз үйлеріне оралып үлгеріпті. Алайда баспаналарына бара алмай отырғандар да бар көрінеді. Олар үйімізді ұрылар тонап кететін болды деп қорқуда екен. Осыған байланысты Өргебасы ауылының тұрғындары Мақтаарал ауылының әкімі қол қусырып отыр деп кінәләп, оны жұдырықтың астына ала жаздады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның "Информбюро" жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап. 

Тұрғындар иесіз қалған үйге баукеспелер түседі деп алаңдауда. Үйлеріндегі заттарды алуға рұқсат бермеген олар Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асановты ұруға дейін барыпты. 

Еске алайық, Түркістан облысындағы елдімекендер 1 мамырға қараған түні судың астына кетті. Бұған себеп -  Өзбекстандағы су бөгетінің жарылуы. Іргебасы, Жеңіс, Жаңатұрмыс, Фирдоуси және Достық ауылдарын басқан су әлі кетер емес. 

Тағы жеті елді аймаққа су басу қауіпі төніп тұр. Жалпы алғанда Мақтарал ауданынан 30 мыңға жуық азамат эвакуцияланыпты. Суға кетпеген ауыл тұрғындары бірте-бірте өз үйлеріне қайта оралуда. Қазіргі таңда құрылған арнайы комиссия топан су әкелген зардап шығынын есептеп жатыр. 

"Міндетті түрде жағдайды тұрақтандырамыз. Сабырлы болайық. Ауылдарды аралап жүрмін, мәселеге түсіністікпен қарап жатқандар бар. Бірақ кейбір тұрғындар қызық-қызық сұрақтар қойып жатыр. Еске салайын, қазір елімізде төтенше жағдай. Карантин режимі тағы бар, оған да жауапкершілік қарастырылған", - деді Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шүкееев.

Бүгінгі күні 845 үй мен 8 гектарға жуық мал жайылымы су астында қалған. Олардың көп бөлігінде мақта отырғызылыпты. 3500 жуық тұрғын әлеуметтік орталықтарда жатқан көрінеді. 

Су басу қаупінен Жетісай ауданының халқы да қатты үрейленіп отыр. Тұрғындар Мақтаралдағы тасқыннан Жетісайға келер қауіп жоқ деген биліктің жұбатуымен келіспейді. Өйткені Қоғалы жұртшылығы су арнасын төрт күннен бері бекітіп әлекке түсіп жатырмыз дейді. Күннен күнге көтеріліп отырған су деңгейі бөгетті бұзған жағдайда, Жетісайдың Өзбекстанмен шекаралас Қоғалы ауылы түгелдей су астында қалатынын айтады. Сондықтан бөгетті күшейту жұмыстарына тек қараша жұрт қана емес, елдегі арнаулы қызметтің барлығы бірдей жұмылдырылса дейді.

Қоғалы Өзбекстанмен Жетісайдың түкпірдегі ауылы. Көрші елдегі су қоймасының жарылуы дәл осы ауылға да қатер төндіріп тұр. Өздері дабыл көтеріп, бөгетті жабуға кірісіп кеткен. Басқа ауылдардан да еріктілер ағылуда. Бірақ жұртшылық қара күштен гөрі техниканы көбейтпесе, жастардың күші сарқылуға таяды дейді. Ал, аудан облыс әкімдігінің күшті Мақтаралдан өзге Қоғалыға да бұрмай жағдай жақсармайды деп отыр. 

"Бір басшы жоқ. Төтенше жағдай қызметі жоқ. Қоғалыдағы әскери бөлім бар еді. Олар да қашып кетті", - деді тұрғын Өмірбек Нұраханов.

"Дәл осы ауылдың тұрғыны болып тұрып, ұйықтап көріңдерші, көрейік ұйықтай алар ма едіңдер", - деді Алтынбек Каримов.

Ауыл әкімінің орынбасары бөгетті кімнің күшейтетіні маңызды емес дейді. 

"Бұлар еріктілер. Өздері келіп жұмыс істеп жатыр. Желіде жазды, келгісі келгендер келіп көмектесіп жатыр. Біздің мақсатымыз - бөгетті бекіту. Кімнің істегені маңызды емес қой", - деді Қоғалы ауылының әкімі Қабыл Қалдыбеков. 

Талқылау