Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Түркістан облысында тәжірибесі жоқ жас мұғалім мектепке қалай жұмысқа тұрды

Бір жыл бұрын жоғары оқу орнын тәмамдап, бастауыш сынып мұғалімі мамандығын алып шыққан Түркістан облысының тұрғыны Маржан Өтеева бірден жұмысқа орналаса алмаған. Мамандығы бойынша әлі тәжірибесі жоқ жас маманның еңбекке араласуына Жастар практикасының көмегі тиді. Қазір ол Сайрам ауданындағы орта мектепте өз мамандығы бойынша қызмет етеді.

Маржан Өтеева оқуды бітіре сала жұмыс іздеген. Бірақ бір жылға жуық уақыт өзіне лайықты бос орын таба алмаған. Кейін Маржан әлеуметтік желіден Жастар практикасы туралы ақпаратты көзі шалып қалады. 

"Онда көрсетілген ақпарат бойынша Сайрам аудандық мансап орталығына барып, Жастар практикасы туралы сұрап-білдім. Керекті құжаттар тізімін өткізіп, өтініш тастадым. Бір айдың ішінде мені кезек бойынша мансап орталығынан Ақсукенттегі Сәкен Сейфуллин атындағы №20 мектеп гимназиясына жіберді. Сөйтіп Жастар практикасы бойынша бастауыш сынып мұғалімі болып қабылдандым", - дейді жас маман.

Қазіргі таңда Маржан Өтеева мектепте біліктілігі жоғары ұстаз -  тәлімгердің жетекшілігімен тәжірибе жинақтап, жұмыс істеуде. Ол Жастар практикасынан өткеннен кейін де сол мектепте жұмысқа қалатынына үмітті. 

"Қазір мен еңбек өтілі көп мұғаліммен бірге жұмыс атқарамын, тәжірибелі ұстаз сабақ жүргізуге, бала оқытуға баулып, іс жүзінде білгенін түсіндіріп, үйретеді. Кейде мен тәлімгердің орнына сабақ беремін, біздің жұмысымыз бақыланады. Бұл менің мамандық бойынша алғашқы жұмысым. Біртіндеп үйреніп келемін, бәрі ойдағыдай" - дейді Маржан.

Маржан Өтеева 30 айлық есептік көрсеткішке тең айлық жалақысын мемлекет тарапынан жергілікті мансап орталығынан алып отыр. 

"Айлығымды уақытында кешіктірмей алып отырмын. Оған қоса зейнетақы төлемі мен медициналық сақтандыруы жүреді. Сондықтан Жастар практикасы жаңадан оқу бітіріп, диплом алған кез келген маманға өте тиімді деп ойлаймын. Кемі бір-екі жыл жұмыс іздеп уақытты бос өткізгенше, осылай тәжірибе жинасақ, жұмысқа еркін орналасуға болады. Бәрі маманның білімі мен тәжірибесіне қарайды", - деген ойын жеткізді жас ұстаз.

Айта кетейік, Жастар практикасының мақсаты – университет пен колледж бітірген жастарды мамандығы бойынша жұмысқа орналасуға көмектесу, жұмыс істеуге бейімдеу, сондай-ақ бастапқы жұмыс тәжірибесін жинауға мүмкіндік беру.

Жастар практикасының шарттарын еске сала кетсек, оған жоғары оқу орнын немесе техникалық және кәсіптік білім беру ұйымын енді бітірген, мамандығы бойынша әлі тәжірибесі жоқ, 35 жасқа дейінгі жастар қатыса алады. Тек оқу бітіргеніне 5 жылдан аспаса болғаны. 

Жастар практикасына арналған жұмыс орындары мемлекеттік немесе жекеменшік кәсіпорындар мен ұйымдарда құрылады. Сонымен бірге жұмыс орындары түлектің білім беру ұйымында алған кәсібіне (мамандығына) сәйкес болуға тиіс.

Жастар практикасы бойынша жұмысқа қабылданған мамандарға 30 айлық есептік көрсеткішке тең айлық жалақы беріледі, оның ішінде салық, міндетті зейнетақы жарнасы мен басқа да әлеуметтік аударымдар қоса есептелген.

Жастар практикасына қатысу үшін түлек тұрғылықты жері бойынша жұмыспен қамту орталығына өтінішпен жүгінуі керек. Өтінішке мынадай құжаттардың көшірмелері қоса беріледі:

  • Жеке басын куәландыратын құжат.
  • Еңбек кітапшасы (бар болса).
  • Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің болуын растайтын құжат.

Айта кетерлігі, Жастар практикасы бойынша жұмыс уақытша сипатқа ие. Жастар практикасының ұзақтығы 12 айдан аспайды. Жастар практикасынан өту кезеңі жұмыссыздың еңбек өтіліне есепке алынады.

Талқылау