Түркістан облысында науқас дәрігерді пышақтап тастады
Түркістан облысында науқастардың бірі дәрігерді пышақтап тастаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оқиға Сайрам ауданының Ақсукент кентіндегі болған. Полицияның мәліметінше, жеке клиникада пациенттердің бірі ультрадыбыстық кабинетте кезекте тұрғанда жанжал шығарып, рентгенолог-дәрігерге пышақ жарақатын салған.
Кейін жәбірленуші ауруханаға жатқызылыпты.
“Оқиға орнына жедел-тергеу тобы дереу шықты. ҚР ҚК 106-бабының 2-бөлігі “Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру" бойынша қылмыстық іс қозғалды. Полиция ауданның 27 жастағы күдікті тұрғынын ұстады. Қазіргі уақытта ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Болған оқиғаның барлық мәнжайы анықталуда”, –делінген хабарламада.
Бұған дейін Алматы облысындағы ауруханада көз жұмған науқастың туыстары дәрігерлерді соққыға жыққан болатын. Әкесінің қайтыс болғанын білген ұлдары дәрігерлерді аяусыз ұрып-соғып, марқұмның денесін ұрлап, күшпен алып кеткен.
Бұдан соң медицина қызметкерлерін ұрып-соққан екі күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.