Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Түркістан облысында көлігін утильге өткізгендер айлап ақысын ала алмай жүр

Түркістан облысында көлігін утилизацияға өткізіп жіберген тұрғындар ақшасын айлап ала алмай жүр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "КТК" арнасына сілтеме жасап.

Оларға қаражат екі тәулік ішінде түседі деп уәде берген. Ал ауыл шаруашылығы техникасын өткізіп бір жапырақ сертификат алғандардың жағдайы тіпті қиын.

Себебі: трактор мен комбайн беруге тиіс орталықтар көк тиын құны жоқ сертификатты қабылдауды тоқтатқан. 

Жыл басында ескі көлігін утильге өткізгендер енді не істерін білмей жүр. Себебі: жаңа көлік алуға жеңілдік ретінде берілген сертификат түкке жарамсыз қағаз болып қалған. Яғни тракторға миллион, ал комбайнға екі миллион теңге көлемінде жеңілдік болады деп сенгендер енді ескі техникасына зар болып отыр. Сөйтіп жер жыртып егін егіп жүрген диқандар қара жаяу қалған. 

"Жасыл дамуға өтті, үш ай бойы хабар күтіп жүрміз. Халық жұмыссыз қалады. Халықтың қолында 500ден астам сертификаты бар. Оның құны 800 миллионға барады. Бізге жұмыс ашылады, ары қарай жұмысты жүргізіңдер немесе болмайды деген бір жауабын айтсын. Себебі:  сертификаттың күні күйіп бара жатыр. Өзі айналдырған мерзімі бар, оны салонға өткізу керек", - дейді Түркістан облысының тұрғыны Бақтияр Исаев.

Утиль алыммен айналысатын "Жасыл даму" компаниясы алғашында мәселені шешеміз десе, кейіннен тіпті телефонға жауап беруді қойыпты. Қаңтардан бері көлік қабылдау бекеттері жұмыс істемейді. Ал ескі көліктер әлі үздіксіз келіп жатыр. 

Жарамсыз көлік қабылдау бекетінің маңы көліктер моласына айналған. Бекеттің жұмысы әне-міне жанданады деп үміттенген ел ескі техникасын автотұрақтарға әкеледі. Бірақ қызметінің өзі тегін емес. Мәселен, жүрмейтін ескі жеңіл көлікке тәулігіне 500 теңгеге дейін берсең, ауыр техниканың жәй тұрғаны үшін мың теңгеден алынады. 

Жеңіл көліктерін өткізгендерге өтемақысы екі күннің ішінде түсуі керек болған. Бірақ жұрт ақшасын төрт айдан бері ала алмай жүр. Сергелдеңге түскен тұрғындар петиция жазуды бастадық дейді. 

"Жасыл дамуға" барамыз, сол талабымызды РОПтан "Жасыл дамуға" ақша аударылды ғой, 220 миллиард ақша бар деп жаңалыққа шықты. Талабымыз: бізге берген құжпт бойынша ақшамызды берсін. Техникамыз өтіп кеткен. Мыжытылып кеткен. Енді техника да, ақша да жоқ", - дейді Түркістан облысының тұрғыны Аян Үсентаев.

Ал утиль алымға жауапты "Жасыл даму" басшылары бар қиыншылықты РОП операторына қатысты қозғалған қылмыстық іспен байланыстырады. Сертификатпен төлем жүргізуге кедергі көп болғанымен, мәселе көп ұзамай шешіледі деп сендірді. 

"Жасыл даму" АҚ және министрлік тарапынан да бұл мәселенің оң шешілуіне байланысты нақты іс-шара атқарылып жатыр. Жақын арада мерзімі өтіп кеткен немесе мерзімі өтуге жақын сертификаттардың мерзімі ұзартылады. Қазір күрделенген мәселелердің бәрі осы айдың аяғына дейін түпкілікті шешіледі", – дейді "Жасыл даму" АҚ бөлім басшысы Талғат Маханов.

Халықты сабырға шақырған жауапты компания өкілдері петиция жазып Елордаға жиналудың қажеті жоқ дейді. Бірақ шыдамы таусылғандар сөзге емес, тек іске ғана сенетінін айтып нақты нәтиже талап етуде.

Талқылау