Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

Түркістан облысында қыздар арасында көкпар кең таралып келеді

Фото: Видеодан скрин

Түркістан облысына қарасты Ордабасы ауданында спортшы Наргиз Қият көкпарды ер адамдармен қатар қыздар да тарта алатынын дәлелдеп келеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 24KZ арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Наргиз Қият атқа шабуды 5 жыл бұрын үйренген. Осы уақыт аралығында ол құрдастары мен спортшылар арасында құрметке ие болып үлгерді. Өйткені көкпарда оған тең келетіндер көп емес. Көкпар тартқан кезде Наргиз нағыз жауынгерге айналады. Атқа мінісі, сенімді көзқарасы, ең бастысы батылдығы тамсандырады, серігінің де сырын ұға біледі.

“Ат үстінде өзімді батыл, сенімді сезінемін. Маған көкпар тартқан ұнайды, көкпарды тек ер адамдар тарта алады деп ойламаймын. Әрқашан қалауымды тыңдауға және өз күшіме сенуге тырысамын. Бұл маған жаңа белестерді бағындыруға көмектеседі”, – дейді көкпаршы қыз.

20 жастағы Наргиз – аудандық көкпаршылар клубының мүшесі. Бұған қоса қазақ күресінен спорт шеберлігіне үміткер. Осы дайындығы оның қабілеті көкпарда да кәдеге жарап келеді. Жаттықтырушылар Наргиздің қабілетін ерекше атап өтеді. Ал достар оның табандылығына, қайратына, төзіміне тамсанады.

Қазір ол адырна тартып, нысана көздеуге машықтанып жүр. Алдағы уақытта осы спорт түрлерінен бағын сынап көрмек. Көкпаршы қыз Ордабасы ауданында көп жасқа үлгі болып жүр.

Айнұр Мұхади
Дүйсенбі, 28 Сәуір, 2025 11:55
Талқылау