Түркістан облысында қызанақтан вирус анықталды
Түркістан облысында шеттен жеткізілген 43 тонна қызанақтан біздің елде жоқ вирус анықталды деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Қызанақтар Сарыағаш ауданында орналасқан шекара бекетінде тексерілген. Фитосанитариялық бақылау инспекторлар томат өнімдерінен "қызанақ жемісінің қоңыр қатпарлы вирусы" мен "қызанақтың қола түстес тоспо вирустарын" тапқан. Өнімдер Түркіменстан, Өзбекстан мен Иран елдерінен жеткізілген.
"Өсімдіктер карантині заң талаптарына сәйкес, жүктің иелеріне әкімшілік іс шаралар қаралып, жүктер келген елдеріне кері қайтарылды. Жалпы бұл аурулар Республика аумағына енетін болса, қызанақ, тәтті бұрыш, баялды өнімдерімен айланысатын кәсіпкер фермерлердің жылыжайларына және ашық алқапта өсірілген өнімдерге 50-70 пайызға дейін елеулі зиян келтіреді”, - деді облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Ибрагим Бекасылов.
Инспекторлардың сөзінше, томат өнімдерінің мұндай қауіпті вирусы соңғы үш жылда Еуропа, Азия мен Америкада тараған.
Сонымен қатар Иран, Өзбекстан, Түркіменстан елдерінде де анықталып отыр. Осындай карантиндік аурулардың енгізілуі мен өнімді зиянкестерден қорғау мақсатында тексерістер жіті жүргізіліп келеді.
Жыл басынан бері 20-ға жуық заң бұзушылық анықталған. Өсімдік карантині инспекциясы тарапынан 2 миллион теңгеден астам айыппұл салынып, өнімдер келген жағына кері қайтарылған.