Барлық автобустар тексерілді: Анасынан қашып кеткен қыз Алматыға барар жолда ұсталды
Түркістан облысы полицейлері анасына ескертпестен Алматы қаласына қыдырып кеткен 14 жасар қызды үйіне қайтарды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Жетісай тұрғын жергілікті полиция бөліміне кәмелет жасына толмаған қызы түнгі уақытта үйінен белгісіз бағытқа шығып кетіп, қайта оралмағанын айтып, арызданып келіпті. Алғашында қызын уайымдаған ана алғашында баласын өзі іздеген, бірақ нәтиже болмағаннан кейін полицейлерден көмек сұрапты. Бұл туралы Түркістан облысының ПД мәлімдеді.
Жоғалған қызды табу мақсатында аудандық полицейлер тез арада іске кірісіп, жедел-іздестіру іс-шарасын жасады. Қыздың суреттері мен үйден киіп шыққан киімдері туралы бағыттама дайындалып, барлық ІІО-да жолданды. Із-түссіз жоғалған 14 жасар қызды іздеуге барлық Жетісай аудандық полиция бөлімінің жеке құрам және Түркістан облысы ПД КП қызметкерлері жұмылдырылып, қажетті деп танылған іздестіру шараларын жүргізді. Туыстарынан, достарынан сұрастырды.
Іздестіру барысында түскен ақпаратқа сәйкес қыздың Алматы қаласында екені анықталып, Алматы-Жетісай бағытындағы автобуспен келе жатқаны белгілі болды. Келіп түскен ақпарат бойынша кезекті 6-автобусты тексеру кезінде жоғалған қыз табылған.
Полиция қызметкерлері қыздың өзімен және анасымен профилактикалық әңгімелесу жүргізіпті.
Тергеу барысында анықталғандай, қыз өзінің кәмелет жасына толған дос қызымен бірге Алматы қаласына кетіп, сонда таныстарымен қыдырған екен.
Жыл басынан бері Түркістан облысы ПД Криминалдық полиция және аудандық бөлімшелерінің қызметкерлері 14 кәмелет жасына толмаған баланы тауып, үйлеріне қайтарыпты. Полиция қызметкерлерінің айтуынша, көп жағдайда жасөспірімдердің үйден кетуінің себептері ата-аналар мен балалар арасындағы түсініспеушілік, сондай-ақ отбасылық жанжалдар болып табылады.
Өз кезегінде, ауыр зардаптарға жол бермеу мақсатында, Түркістан облысының полиция қызметкерлері ата-аналарға өз балаларына барынша сақ болу, олармен даулы жағдайларды болдырмау қажеттілігі туралы ескертіп өтті.